23 сәуір күні Ұлттық кітап күні аясында Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, белгілі сатирик Нұрмахан Елтайдың «Әр кәллада бір қиял» атты жаңа кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Шараға облыстың зиялы қауым өкілдері, шығармашыл топ жетекшілері, еңбек адамдары, ардагерлер, жастар, студенттер, ғалымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері жиналды. Кітапхана залына жиналған қауым Нұрмахан Елтайдың шығармашылығына деген қызығушылықтарын білдіріп, оның сатира жанрындағы елеулі еңбектерін атап өтті.
Нұрмахан Елтай – қазақ әдебиетінде сатира жанрын дамытуға зор үлес қосқан қаламгер. Оның шығармалары қоғамдағы өзекті мәселелерді терең әрі өткір түрде көтеріп, оқырманды ойлануға мәжбүр етеді. «Әр кәллада бір қиял» кітабы да осы бағыттағы маңызды туындылардың бірі болып табылады.
Кездесу барысында облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Артур Қамбаров жазушының шығармашылық жолы туралы баяндама жасап, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың алғысхатын табыстады. Бұл сәт жазушы үшін ерекше қуаныш болды.
Шарада сөз алған облыстық «Сыр бойы» газетінің бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағының Қызылорда облыстық филиал төрағасы Қуат Шарабидинов, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, белгілі журналист Қатира Жәленова және Қазақстанның құрметті журналисі, Қазақстан Жазушылар одағының Қызылорда облысындағы өкілі Қаршыға Есімсейітова сөз сөйлеп, Нұрмахан Елтайдың шығармашылығына жоғары баға берді.
Шара барысында «Мереке-думан» халықтық әзіл-сықақ отауы автордың «Өзіңнен зор шықса» интермедиясын орындап, ал «Жастар» театрының актерлары Нұрмахан Елтайдың өлеңдерін оқып, көрермендерді тәнті етті.
Кездесу соңында «Сатира сайып қыраны» тақырыбында арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылып, қатысушыларға қазақ әдебиетінің сатира жанрына арналған туындылар ұсынылды. Бұл шара Нұрмахан Елтайдың шығармашылығын насихаттап қана қоймай, жастарды әдебиетке тартудың да бірден-бір жолы болды.
P.S. «Әр кәллада бір қиял» атты жаңа жинағының алғашқы екі бөлімі әзіл-сықақ әңгімелері мен өлеңдерінен тұрады. Ал үшінші бөлімінде мөлтек әңгімелер, юморға құралған қызықты оқиғалармен толықтырылған.