Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин өзі мен жұбайының 2024 жылғы табысы туралы мәліметтерді жариялады. Деректер Ұлттық экономика министрлігінің ресми сайтында орналастырылған.
Декларацияға сәйкес, 2024 жылы Жұманғариндер отбасының жалпы табысы 88 678 984 теңгені құраған. Бұл қаражат бағалы қағаздар нарығындағы инвестициялардан, яғни дивидендтер мен сыйақылардан түскен. Аталған сомаға министрдің жалақысы кірмейді. Табысты Серік Жұманғариннің жұбайы – Сәния Садықова декларациялаған.
Айта кетейік, Серік Жұманғарин – декларация тапсыру мерзімі өтіп кеткеніне қарамастан, 2024 жылға арналған кірістер туралы мәліметтерін жариялаған әзірге жалғыз жоғары лауазымды шенеунік.
Бұған дейін Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлердің табысы туралы есеп беру талаптары жеңілдетілген болатын. Қазіргі таңда ашық дереккөздерде тек декларация тапсырушының және оның жұбайының аты-жөні, салықтық кезеңі мен табыстың жалпы сомасы ғана көрсетіледі. Ал банктік шоттар, жылжымайтын мүлік пен өзге активтер туралы ақпарат жарияланбайды.
Серік Жұманғарин жаңа салық реформасының, соның ішінде қосылған құн салығын (ҚҚС) арттыру жөніндегі бастамалардың негізгі авторларының бірі саналады. Бұған дейін ол аталған реформа үшін жеке жауапкершілік алатынын мәлімдеген еді.
