6 маусымда Қазақстан мен Ұлыбритания 2025–2026 жылдарға арналған әскери ынтымақтастық жоспарын ресми түрде бекітті. Ашық түрде жарияланған бұл келісімге қатысты ресейлік тележүргізуші Тина Канделаки күмән келтіріп, Қазақстан билігін ақпаратты әдейі жасырды деп айыптады.
Канделаки өз Telegram арнасында:
«Жаңалықты ешкім байқамасын десең, оны жұма күні кешке жарияла. Біріншіден, бәрінің ойы демалыста, екіншіден — дүйсенбіге дейін ұмытылып кетуі мүмкін, әсіресе демалыс күндері қызықты бірдеңе болып жатса» деп жазды Канделаки.
Ол бұл келісімді көпшілік назарынан жасыру үшін, билік Қорғаныс министрін қызметінен босату туралы жарлықты жексенбі күні жариялағанын атап өтті.
Сонымен қатар Канделаки:
«Айта кетейік, Қазақстан — ҰҚШҰ-ның мүшесі. Ал бұл әскери ұйым 2021 жылдың қаңтарында Тоқаев мырзаны және оның айналасындағы адамдарды әскери төңкерістен аман алып қалған еді. Венгрия немесе Словакия Еуроодақ саясатына қаншалықты наразы болса да Ресеймен әскери келісім жасаспайтыны түсінікті. Ал Ресеймен достығын жиі айтып жүрген Қазақстан Ұлыбританиямен ынтымақтастық орнатып отыр» деп жазды Канделаки.
Тележүргізуші Қазақстанның бұл әрекетін Венгрия мен Словакияның Ресейге көзқарасымен салыстырып, олар Еуроодақпен келіспей қалса да, Мәскеумен әскери ынтымақтастық орнатпағанын мысалға келтірді.
Канделакидің ең өткір пікірі:
«Бәрі осылай бастаған. Кейін қиын жағдайға тап болды. Бірақ Қазақстанда тарих оқылмайтын сияқты. Мүмкін, ол жай ғана ойдан шығарылатын шығар?»
Айта кету керек, Канделаки бұған дейін де Қазақстандағы орыс тілінің қолданысына қатысты сыни пікірлерімен көзге түскен. Мәселен, бірнеше теміржол бекеттерінің атауы қазақшаланған кезде ол ашық наразылық білдірген болатын.
Осыған жауап ретінде сатиралық Qaznews24 парақшасы «Эй, Йоу, Орыстар» атты әнді қоса отырып, ирониялық пост жариялаған еді. Бұл жазбаның авторы Темірлан Еңсебекке 2024 жылдың 17 қаңтарында «ұлтаралық араздық қоздырды» деген айып тағылған.