«Шын-Ар» ақпараттық порталы
ӘлеуметәскерБасты ақпарат

Әскерге шақырылған сарбаз Қорғаныс министрлігінің қызметкерін сотқа берді

Әскерге шақырылған сарбаз Қорғаныс министрлігінің қызметкерін сотқа берді
Көрнекі сурет

Лисаков қаласының қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы заңсыз әскерге шақыру үшін жауапқа тартылды

2025 жылдың сәуір айында Лисаков қаласының Қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің басшысы Ернат Ахтаев азамат Ибрагим Нұрмұхамбетовті Қарулы күштер қатарына заңсыз шақырғаны үшін жауапкершілікке тартылды.

Азаматтың адвокаты Жаслан Қанапияновтың айтуынша, Нұрмұхамбетов Лисаков қаласында күшпен ұсталып, азаматтық автокөлікке мәжбүрлі түрде отырғызылған. Кейін ол әскери комиссариатқа жеткізіліп, ешқандай медициналық тексеруден өткізілместен Қостанай облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаментіне жөнелтілген.

«Ибрагим Нұрмұхамбетов мерзімді әскери қызметтен жалтарып жүргендердің тізімінде болмаған. Оған SMS-хабарлама да, жазбаша шақырту да жолданбаған. Сонымен қатар, менің қорғауымдағы азамат Бейімбет Майлин ауданына тіркелген және сол жерде тұрады. Сондықтан оны аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім арқылы шақыру қажет болатын», – деді Қанапиянов.

Қостанайда өткен сот отырысында Ернат Ахтаев кінәсін толық мойындады. Ол Нұрмұхамбетовтың шақыртуға келмегені үшін іздеуде болғанын айтып, кейін ол облыстық жиын пунктіне жеткізіліп, сол жерде медициналық тексеруден өтіп, әскери қызметке жарамды деп танылғанын мәлімдеді. Алайда Нұрмұхамбетов сарбаздар қатарына енгеннен кейін жиын пунктінің аумағынан кетіп, жасырынып қалған.

Сот шешіміне сәйкес, азаматтың Бейімбет Майлин ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің шақыртуын елемегені үшін іздеуге жарияланғаны анықталды. Дегенмен, сот Ернат Ахтаевты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 651-бабы бойынша кінәлі деп танып, оған 66 844 теңге көлемінде айыппұл салды.

Адвокат Жаслан Қанапияновтың айтуынша, енді Нұрмұхамбетовке қатысты әскери шақырту туралы бұйрықтың күші жойылуы тиіс. Оның үстіне, болашақта шақыру рәсімі заң аясында жүргізілген күннің өзінде де, азаматтың денсаулығына байланысты әскери қызметке жарамсыз болуы мүмкін екенін айтады.

Ұқсас жаңалықтар

Алматы облысында баланы талап тастаған иттерге қатысты видео жарияланды

Зайсаннан газ табылса, Қытайға экспорттала ма? – министр түсіндірді

Алматыда электр энергиясының тарифтері қымбаттамақ

Пікір жазу