«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратСот

Батпақтағы миллиардтар: Перизат Қайрат Байбектің жауапқа тартылуын талап етті

Астанадағы сот процесінде Bizbergemiz Qazaqstan 2030 қоғамдық бірлестігінің негізін қалаушысы Перизат Қайрат өзіне тағылған айыптармен келіспейтінін мәлімдеп, Алматының бұрынғы әкімі, «Nur Otan» партиясының экс-төрағасы Бауыржан Байбекті сотқа куә ретінде шақыруды талап етті.

Сот отырысында Қайрат аталған қордың өз бастамасымен емес, партияның тапсырмасымен, Байбектің тікелей басшылығымен құрылғанын айтты. Оның сөзінше, құрылтайшылардың барлығы – сол кездегі партия қызметкерлері, ал өзі тек орындаушы ретінде әрекет еткен.

> «Айыптау актісінің бірінші абзацынан бастап мені анаммен бірге қор құрды, құрылтайшылардың қолдарын қолдан жасады деп айыптайды. Бірақ бұл шындыққа жанаспайды. Қор партия жанынан, Байбектің нұсқауымен құрылды. Сондықтан бұл мәселенің басын ашу үшін Бауыржан Байбектің өзінен жауап алынуы тиіс», – деді Перизат Қайрат.

Прокурор айыптау актісінде қорды заңсыз тіркеу, жалған құжаттар дайындау, қоғамдық сенімді теріс пайдалану және жиналған қаражатты жеке мүддеге жұмсау фактілерін атап өтті. Алайда айыпталушы мұның барлығын «партиялық тапсырмамен атқарылған әрекет» деп атап, тағылған кінәні мойындамайтынын білдірді.

Соттың ашық отырысына қатысқан бақылаушылар бұл мәлімдеменің қоғамдық резонанс тудыруы мүмкін екенін айтады. Ал әзірге прокурор мен судья Байбекті куәгер ретінде шақыру туралы талапқа ресми жауап берген жоқ.

Айта кетейік, Перизат Қайрат пен анасы Ғайни Алашбаева қайырымдылық қаражатын мақсатсыз жұмсады, шамамен 3 миллиард теңгені иемденді деген күдікпен сотқа тартылып отыр. Бұл қаражат мүгедек балаларға, су тасқынына ұшырағандарға және Таяу Шығыстағы қақтығыстардан зардап шеккендерге көмек ретінде жиналған болатын.

Ұқсас жаңалықтар

«Қазақмысты» Ресейге сатады деген ақпарат рас па?

Қазақ тіліндегі контенттің аздығы үшін телеарналарға айыппұл салынады

Касым-Жомарт Токаев дал поручения новому акиму области Улытау

Дамир Оразбаев

Пікір жазу