Астанада ұлының еміне қаражат жинау үшін кең ауқымды жарнама науқанын ұйымдастырған ерлі-зайыптыға қатысты алаяқтық дерегі бойынша тергеп-тексеру аяқталды. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігі (ҚМА) хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, күдіктілер Instagram және Facebook желілері арқылы баланың бейнероликтері мен әсерлі жазбаларын таратып, мыңдаған қазақстандықтың жүрегіне әсер еткен.
«Азаматтардың сенімі мен жанашырлығын пайдалана отырып, ерлі-зайыпты 1,3 миллиард теңгеден астам қаражат жинаған. Алайда баланың еміне тек 6,4 миллион теңге ғана жұмсалған. Қалған қаражат жеке қажеттіліктерге – үш пәтер, жер телімі, бес көлік сатып алуға және құмар ойындарға пайдаланылған», – делінген хабарламада.
Қайырымдылық қаражатын тұрақты алып отыру мақсатында олар келіп түскен қаражаттың үштен бірін – 481 миллион теңгеден астам соманы әлеуметтік желідегі парақшаларын жарнамалауға бағыттаған. Meta Ads арқылы жүргізілген жарнама науқаны қайырымдылық көлемінің артуына сеп болған.
Күдіктілер Түркиядағы LIV Hospital клиникасында 84 миллион теңгеге ота жасатамыз деген желеуді де қолданған. Бірақ, қажетті қаражат жиналғанына қарамастан, ота шетелде жасалмаған. Оның орнына, Instagram парақшасында әуежайдан «ұшып бара жатқан» көрініс жариялап, «ота сәтті өтті» деген жалған ақпарат таратқан.
Тергеу басталғанын білген соң, олар мүлкін жасыру мақсатында жер телімін үшінші тұлғаның атына рәсімдеген. Бірақ тергеу бұл мәміленің жалған екенін дәлелдеді. Сот санкциясымен қылмыстық жолмен алынған барлық мүлікке тыйым салынды.
Қазір күдіктілерге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде үйқамақ таңдалған. Қылмыстық іс сотта қаралып жатыр.
