29 тамыз күні ҚР Конституциясының 30 жылдығына арналған конференцияда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1995 жылғы Конституцияны қабылдау барысындағы еңбегіне тоқталды.
Мемлекет басшысының айтуынша, 1993 жылы егемен Қазақстанның алғашқы Ата Заңы қабылданып, еліміздің конституциялық құрылымы айқындалғанымен, кейінірек жаңа тарихи жағдайларға сай келетін жаңа Конституция қажет болды.
«Осыған байланысты арнайы кеңес құрылып, оған белгілі отандық заңгерлермен қатар шетелдік сарапшылар да тартылды. Ата Заң жобасын талқылауға миллиондаған азамат қатысты, мыңдаған ұсыныс келіп түсті», – деді Президент.
Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл процестегі рөліне ерекше назар аударды:
«Конституция туралы айтқанда, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың табанды еңбегіне әділ баға беру қажет. Ол Конституция қабылданған кезде мемлекет басшысы ретінде шешуші рөл атқарды», – деп атап өтті ол.
