Мәжіліс депутаты Ринат Зайыт Бас прокурор Берік Асыловқа жүгініп, Болат Назарбаевтың ұлы – Нұрбол Назарбаевтың активтеріне толық түгендеу жүргізіп, олардың заңдылығын анықтауды сұрады.
Депутаттың айтуынша, жуырда Нұрбол Назарбаев сот шешімімен 57 миллиард теңге көлеміндегі активінен айырылып, бұл мүлік мемлекет меншігіне қайтарылған. Сонымен қатар, оған 925 миллион теңге көлемінде айыппұл мен 230,4 миллион теңге айыпақы салынған. Оның барлық банк шоттары бұғатталып, компания табысы мен жеке мүлкін басқару құқығынан айырылған.
Алайда депутат бұл іспен мәселе аяқталмайтынын айтты.
«Бұл әулеттің рейдерлік жолмен иеленген базарлары мен Алматы қаласы және Алматы облысындағы заңсыз алынған жер телімдері туралы қоғамда көптеген дерек айтылып жүр. Әсіресе атышулы ‘Алтын Орда’ базары жиі аталады. Бірақ бұл нысандар тәркіленген активтер қатарында бар ма – ол белгісіз. Өйткені сот шешімдері шыққанымен, процестер жабық түрде өтуде. Бұл қоғамда алаңдаушылық тудырып отыр. Себебі қайтарылған активтердің тағдыры, олардың халыққа қандай пайда әкелетіні, жұмыс орындарының сақталуы секілді мәселелер анық емес», – деді Ринат Зайыт.
Осыған байланысты депутат Бас прокурорға келесі сауалдарды жолдады:
-
Нұрбол Назарбаевтың иелігіндегі компаниялар мен активтерге түгендеу жүргізіп, олардың заңдылығын анықтау және заңсыздарын мемлекет меншігіне қайтару;
-
Қайтарылған активтер мен олардың қалай пайдаланылып жатқаны туралы толық ақпаратты қоғамға қолжетімді ету;
-
«Алтын Орда» базары мен Алматы қаласы және облысындағы заңсыз иеленген жер телімдері бойынша тергеу бастау.
