«Шын-Ар» ақпараттық порталы
Ақпаратэкономика

Қазақстанда 20 қазаннан бастап кейбір көліктерді әкелуге тыйым салынады

2025 жылдың 20 қазанынан бастап Қазақстанда көлік құралдарын шетелден әкелуге қатысты жаңа талаптар күшіне енеді. Бұл өзгерістер Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) 2024 жылғы 23 мамырдағы №45 шешімі негізінде қабылданған. Құжат «Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентке енгізілген түзетулерді қамтиды.

Жаңа тәртіп бойынша “жекелеген көлік құралы” ұғымы нақтылап өзгертілді. Енді Қазақстан азаматтары жеке пайдалану үшін шетелден тек белгілі бір санаттағы көліктерді ғана әкеле алады. Атап айтқанда, бұл санатқа жеңіл автомобильдер (медициналық мақсаттағы арнайы көліктерден басқа), жол талғамайтын көліктер (квадроциклдер, сноубайктар, мотовездеходтар – жарыс көліктерінен басқа), мотоциклдер, мопедтер, мотороллерлер, жүргізушімен қоса 12 адамға дейін тасымалдайтын шағын автобустар мен жеңіл жүк көліктері, сондай-ақ толық салмағы 5 тоннаға дейінгі жүк көліктері (радиоактивті материал тасымалдауға арналмаған) жатады.

Ал автобустарды, ауыр жүк көліктерін және арнайы техниканың кейбір түрлерін елге әкелуге қатаң тыйым салынады.

Сонымен қатар, шетелден әкелінетін әр көлік құралының міндетті түрде қауіпсіздік сертификаты болуы қажет. Бұл құжат болмаса, көлік кедендік рәсімдеуден өткізілмейді, электронды техникалық паспорт берілмейді, утилизациялық алымды төлеуге және мемлекеттік тіркеуден өткізуге рұқсат берілмейді. Яғни, сертификатсыз көлікті заңдастыру мүмкін болмайды.

Бұған дейін хабарланғандай, 2026 жылдан бастап жүргізушілер көлік нөміріндегі әріптер мен сандарды өз қалауы бойынша таңдай алады. Стандартты нөмірдің бағасы 12 110 теңге болса, 010, 070, 090 сияқты сандар – 246 525 теңге, ал 111, 222, 999 секілді бірдей сандар – 592 525 теңгеден басталады. VIP-нөмірлер (мысалы, 001, 007, 777) 986 100 теңге тұрады. Кез келген басқа комбинацияны (мысалы, 123AZA01) таңдау 43 250 теңге болады. Элиталық сериялар бұл тізімге кірмейді.

Ұқсас жаңалықтар

Алматыда «Car City» сауда орнында жүргізілген рейдте 40-тан астам адам ұсталды

Қазақстанның тұңғыш Бас мүфтиі Рәтбек қажы Нысанбайұлы өмірден өтті

Қазақстанға былтыр 4,5 миллион ресейлік келді – Елші мәлімдемесі