«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратӘлемБілім

Қазақ ғалымы Азияны мойындатты

2025 жылғы 9–11 қазан күндері Үндістанның Мумбаи қаласында өткен Халықаралық Азия коммуникация қауымдастығының (AMIC) 31-конференциясында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің PhD докторы, доцент Қарлыға Мысаева AMIC Asia Communication Award 2025 марапатына ие болды. Бұл марапатқа Орталық Азия өңірінен алғаш рет қазақстандық ғалым ие болып отыр.

AMIC – коммуникация және журналистика саласындағы Азиядағы ең беделді ғылыми ұйымдардың бірі. Жыл сайын үздік зерттеулер мен аймақтағы коммуникация саласының дамуына қосқан үлесі үшін ғалымдар, сарапшылар және практик-мамандар осы ұйым тарапынан марапатталады.

Қарлыға Мысаева өз алғысында бұл жетістік тек жеке марапат емес, Қазақстан мен Орталық Азиядағы коммуникация ғылымының халықаралық деңгейде мойындалуы екенін атап өтті:

«Бұл құрметті барша қолдау көрсеткен әріптестеріммен және шәкірттеріммен бөлісемін. Аймақтан алғашқы лауреат болу – үлкен жауапкершілік әрі жаңа мүмкіндіктердің бастауы», – деді ол.

Конференцияға Қазақстан мен Өзбекстан ғалымдары екінші рет қатысып отыр. Бұл – Орталық Азия мен AMIC арасындағы ғылыми ынтымақтастықтың кеңейіп, өңірлік коммуникация зерттеулерінің жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанын көрсетеді.

Сонымен қатар, конференция барысында Қарлыға Мысаеваның докторанты Диас Азимжанов мазмұнды баяндама жасап, қазақстандық жас ғалымдардың әлеуетін танытты.

AMIC конференциясын SNDT Women’s University ұйымдастырып, шараға Азияның жетекші университеттері мен ғылыми орталықтарынан зерттеушілер қатысты.

Ұқсас жаңалықтар

Мектеп бітіру кештеріне тыйым салынды ма? Оқу-ағарту министрлігі қатаң мәлімдеме жасады

«Неге жедел жәрдемді 10 минут кеш шақырдыңыз?» — астаналық клиникадағы қайғылы жағдайдың шындығы ашыла бастады

Әл-Фараби даңғылында жол апатындағы адамдар өліміне қатысты күдікті 15 айдан кейін бостандыққа шығуы мүмкін – Адвокат