Қазақстандық ауыл шаруашылығы саласының сарапшысы Төлеутай Рахымбеков елімізде алдағы жылдары еттің бағасы күрт қымбаттап, келісінің құны 15–20 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін екенін мәлімдеді.
Сарапшының айтуынша, мұндай жағдайда Қазақстан Өзбекстаннан ет импорттауға мәжбүр болуы ықтимал.
«Болашақта біз өз ұлттық бешбармағымызға өзбек етін салатын боламыз. Бірақ ол кезде оның бағасы келісіне 15–20 мың теңге болады», – деді Рахымбеков Tenge Talks YouTube-арнасына берген сұхбатында.
Оның сөзіне қарағанда, бұл болжам негізсіз емес. Себебі ол 2019 жылы-ақ еттің бағасы 5–6 мың теңгеге дейін өсетінін болжаған, ал кейіннен сол сөзінің рас болғанын еске салды.
«Ол кезде мені сынға алғандар болды. Бірақ сөзім шындыққа айналды. Мен жағдайды ішінен білемін, сондықтан осындай қорытынды жасаймын», – деді сарапшы.
Рахымбеков қазіргі таңда елдегі малдың 80–90 пайызы шағын шаруашылықтардың қолында екенін атап өтті. Мұндай шаруашылықтарда техника жоқ, ал өнімнің өзіндік құнының басым бөлігі жем мен шөптің бағасына тәуелді.
«Технологиялар бар, бірақ біз оларды ұмыттық. Шағын шаруаларда тек шөп қалады. Қуаңшылық болса, баға бірден өседі», – деп түсіндірді ол.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов ауылдағы фермерлер етті 3 мың теңгеден сатқанымен, қалаларда оның бағасы 6 мың теңгеге дейін жететініне наразы болған еді. Оның айтуынша, барлық пайда алыпсатарлардың қолында, ал нағыз өндірушілер нарыққа тікелей шыға алмай отыр.
Ал Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев ет бағасына қатысты пікір білдіріп, баға әр өңірде және өнім түріне қарай өзгеретінін айтты.
«Бір апта бұрын өзім “Сауран” базарынан еттің жая бөлігін 4200 теңгеден сатып алдым. Ал онлайн саудада оралған кәуапқа арналған филе шамамен 5700 теңге тұрады. Бәрі тұтынушының сұранысына байланысты. Мемлекеттің міндеті – халықтың әр санатына таңдау мүмкіндігін қамтамасыз ету», – деді министр.
