«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратБілім

Мұғалімдердің сағатын бөлу мәселесі: Асхат Аймағамбетов пікір білдірді

Мәжіліс депутаты, бұрынғы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мектептерде педагогтердің сағатын бөлу мәселесіне қатысты өз пікірін білдірді.

Журналистер бұл тақырыптың мұғалімдер арасында жиі көтерілетін өзекті мәселе екенін атап өтті. Көптеген педагог оқу жүктемесін бөлу кезінде әділдік сақталмайтынын, кейде сағаттардың директор мен оқу ісі жөніндегі орынбасарлардың (завучтардың) жеке көзқарасына байланысты бөлінетінін алға тартады. Осыған орай, журналист бұл үдерісті нақты регламентпен немесе бұйрықпен реттеу қажет пе деген сұрақ қойды.

Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, сағат бөлу – тек әкімшілік пен мұғалім арасындағы мәселе ғана емес, ұжым ішіндегі қарым-қатынасқа да тікелей әсер ететін күрделі үдеріс.

“Сағат бөлу – тек директор мен завучтың немесе мұғалім мен әкімшіліктің арасындағы мәселе емес. Бұл кейде мұғалімдердің өзара қарым-қатынасына да әсер етеді. Мысалы, бір мұғалім 26 сағат алады, екіншісі – 24, ал үшіншісі – 31 сағат алады. Ал басқа бір әріптес неге мен тек 16 сағат алдым деп ренжиді. Осыдан ұжым ішінде түсінбеушілік пен кикілжің туындайды”, – деді депутат.

Ол қазіргі ставка жүйесінің кеңестік кезеңнен қалған тәсіл екенін және әлемнің көптеген елінде мұғалімдердің еңбекақысы басқа тетіктер арқылы есептелетінін айтты.

“Мұндай ставка жүйесі – кеңестік кезеңнен қалған тәсіл. Көп елдерде мұғалімдердің жалақысы басқа принциптер бойынша есептеледі. Мен министр болған кезде бұл жүйені өзгерту мақсатында бірнеше өңірде пилоттық жоба бастадық”, – деді Аймағамбетов.

Депутат реформаны жүзеге асыру кезінде әр елдің мәдениеті мен контекстін ескеру маңызды екенін де атап өтті.

“Мысалы, Финляндияда немесе Қытайда осылай істелді екен деп, сол үлгіні дәл сол күйінде енгізуге болмайды. Әр елдің өз мәдениеті, ерекшелігі мен ішкі контексті бар. Сондықтан алдымен ғылыми зерттеу жүргізіп, содан кейін пилоттық жобаны іске асырып, кейін ғана жүйені толық енгізу қажет”, – деді депутат.

Ұқсас жаңалықтар

«Атамекенге қош келдің!» – ұлттық рух пен бірлік мерекесі

Redaktor Shyn-Ar

Алматыда бойжеткен ҚазҰУ ректоратының 14-қабатынан секіріп кеткен

Бірінші сыныпқа қабылданған балалардың 70 пайызы қазақ тілінде оқуды таңдады