«Шын-Ар» ақпараттық порталы
ӘлемБасты ақпарат

«Қара теңіз есеп айрысатын алаң емес»: Ердоған Путинмен кездесуден кейін екі тарапты бейбітшілікті сақтауға шақырды

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Ресей мен Украинаны Қара теңізді соғыс қимылдарының алаңына айналдырмауға шақырды. Оның айтуынша, бұл аймақтағы шиеленіс ешбір тарапқа пайда әкелмейді.

Ердоған 13 желтоқсанда Түрікменстаннан оралу барысында Ресей президенті Владимир Путинмен кездесті. Кездесуден кейін ол Қара теңіздегі қауіпсіздіктің маңызын атап өтті.

«Қара теңізді есеп айырысатын немесе қақтығыс алаңы ретінде қарастыруға болмайды. Мұндай жағдай Ресей мен Украинаға ғана зиян тигізеді. Барлық тарапқа теңіздегі кеме қатынасының қауіпсіздігі қажет және ол міндетті түрде қамтамасыз етілуі тиіс», – деді Түркия басшысы.

Сондай-ақ Ердоған Путинмен кездесуден кейін АҚШ президенті Дональд Трамппен бейбіт жоспарды талқылау мүмкіндігі туатынына үміт білдірді. Оның айтуынша, Украинадағы соғысты тоқтату жолындағы келіссөздер жандана түскен.

«АҚШ президенті Дональд Трамп бұл мәселе бойынша белсенді ұстаным танытып отыр. Кейде басшылармен телефон арқылы сөйлесеміз. Путинмен кездесуден кейін Трамппен де бейбіт жоспарды талқылау мүмкіндігі болады деп сенеміз. Бейбітшілік алыс емес, біз оны көріп отырмыз. Тек бағытымызды бейбітшілікке бұру қажет», – деді Ердоған.

Осы күні Түркияның Сыртқы істер министрлігі Мәскеу мен Киевті Қара теңіздегі соғыс әрекеттерін тоқтатуға шақырды. Ведомство Ресейдің Одесса облысындағы Черноморск портындағы кезекті соққысын атап өтті. Шабуыл салдарынан шетелдік кеме зақымданған.

«Алдын ала мәлімет бойынша, экипаж мүшелері мен жүк көліктерінің жүргізушілері эвакуацияланды. Түркия азаматтары зардап шеккен жоқ», – делінген хабарламада.

Бұған дейін Украина билігі Ресей шабуылы салдарынан порт инфрақұрылымында тұрған түрік кемесінің зақымданғанын мәлімдеген. Cenk түрік кеме компаниясының дерегінше, кеме жеміс-жидек, көкөніс және өзге де азық-түлік тасымалдаған.

Соңғы апталарда Қара теңізде Ресей жүктерін тасымалдайтын кемелерге де бірнеше шабуыл жасалғаны хабарланды. Мәселен, 2 желтоқсанда Ресейден Грузияға жүк апара жатқан Midvolga 2 танкеріне Түркия жағалауынан шамамен 80 теңіз милі қашықтықта шабуыл жасалған.

Ал 28 қарашада Босфор маңындағы Қара теңізде Гамбия туы астындағы Kairos және Virat танкерлері шабуылға ұшырады. Reuters агенттігінің мәліметінше, бұл танкерлер Ресейдің «көмескі флотының» құрамына кіреді және Батыс санкцияларына ілінген.

Ұқсас жаңалықтар

Алматы әуежайында кепілге алынған қызметкерді белгісіз ер адам құтқарып қалды

Әскери қызметкерлерге туыстарынан баспана жалдауға немесе сатып алуға тыйым салынды

Redaktor Shyn-Ar

Қаныш Сәтбаевтың 10 томдық шығармалар жинағы жарық көрді