«Қазақмыс» корпорациясы Qazaq Stroy компаниялар тобының басқаруына өтті. Бұл ақпаратты Qazaq Stroy ресми түрде растады. Басылымдар бұл мәмілені 2025 жылғы ең ірі корпоративтік келісімдердің бірі деп атап отыр.
Ашық деректерге сәйкес, «Қазақмыс» корпорациясының жылдық табысы шамамен 1,3 триллион теңгені құрайды. Корпорация құрамына Қарағанды, Ұлытау, Жамбыл және Абай облыстарындағы кеніштер, кен байыту фабрикалары, көмір разрездері мен мыс қорыту зауыттары кіреді. Компанияның негізгі табысы мыс кенін өндіру және өңдеу, сондай-ақ алтын сатудан түседі.
Мыс алыбының жаңа иесі – көпсалалы Qazaq Stroy компаниялар тобы. Холдингтің бенефициары – кәсіпкер Нұрлан Артықбаев.
Kursiv басылымының мәліметінше, Нұрлан Артықбаев 2025 жылы алғаш рет Қазақстандағы ең бай адамдар тізіміне еніп, Forbes рейтингінде бірден 44-орынға жайғасқан. Басылым кәсіпкердің байлығын 228 млн доллар деп бағалайды.
Артықбаевқа 2003 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Qazaq Stroy құрылыс компаниясы тиесілі. Компания 20 жылдан астам уақыт ішінде шамамен 2 млн шаршы метр тұрғын үй салған.
Forbes деректеріне сәйкес, Qazaq Stroy тобына 77 компания кіреді. Холдингтің жылдық табысы – 313,9 млрд теңге, таза пайдасы – 45,7 млрд теңге.
Qazaq Stroy-дан бөлек, Нұрлан Артықбаев 2006 жылы құрылған Exclusive Qurylys құрылыс компаниясының да негізгі акционері саналады. Бұл екі компания 2023 жылы бірігу туралы шешім қабылдаған.
2023 жылы кәсіпкер сингапурлық Qazaq Potassium Pte. Ltd. компаниясымен бірлесіп Qazaq Kalium Ltd.-ті құрды. Жоба аясында Батыс Қазақстан облысында калий өндіру және байыту зауытын салу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар 2024 жылдың наурызында Артықбаев Gas Solutions Ltd. компаниясын тіркеді. Компания метаннан өзге табиғи газ түрлерін өндірумен айналысады. Kompra деректеріне сәйкес, компанияның жалғыз акционері – Артықбаевтың өзі.
2024 жылдың маусымында Telecom Systems Ltd. (TSL) компаниясы құрылды. Бұл компания сымды телекоммуникация саласында жұмыс істейді. 2024 жылдың соңында TSL Jusan Bank-тен «Қазақтелекомның» 8,1% акциясын сатып алып, Артықбаевты елдегі ірі телекоммуникациялық актив иелерінің біріне айналдырды.
Соңғы төрт жылда кәсіпкер Qazsystemtelecom Ltd. және Patron Finance атты тағы екі құрылыс компаниясының құрылтайшыларының бірі болды.
AFSA деректеріне сәйкес, Нұрлан Артықбаев жеті компанияның ортақ иесі. Олардың қатарында:
-
2024 жылы тіркелген Qazaq Acquisition Corp. Ltd. холдингі;
-
2025 жылдың тамызында құрылған KCTS Solutions Ltd.;
-
2025 жылдың маусымында тіркелген, темір және титан-магний кенін өндірумен айналысатын OreMax Processing Ltd. бар.
Айта кетейік, бұған дейін Владимир Ким мен Эдуард Огай «Қазақмыс» компаниясын жаңа акционерге сатуға келіскені туралы ақпарат тараған болатын.
