Астанада екі жекеменшік клиника басшысы Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы 682 миллион теңге жымқырды деген күдікке ілінді. Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, олар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жалған мәліметтер ұсынып, көрсетілмеген медициналық қызметтер үшін қаржы алған.
Тергеу дерегіне сәйкес, клиника басшылары ақпараттық жүйеге жалған науқастар тізімін, қолдан жасалған диагноздар мен көрсетілмеген қызметтерді енгізіп отырған. Күн сайын жалған түрде тіркелген пациенттер саны 90-нан 150 адамға дейін жеткен.
Аталған заңсыз әрекеттердің салдарынан клиникалар Қор қаражатынан 682 миллион теңгені негізсіз алған. Ал 2024 жылдың қаңтарында қылмыстық жолмен алынған табыстың бір бөлігі — 364 миллион теңге клиника басшысы мен оның жұбайының жеке есепшоттарына аударылған.
Белгілі болғандай, 2022 жылы Қор мен клиникалар арасында жалпы сомасы 2,4 миллиард теңге болатын медициналық қызметтер көрсету туралы келісімшарт жасалған. Бұл келісім аясында жылжымалы медициналық пойыз қызметтері де қарастырылған.
Сот санкциясымен күдіктілердің мүлкіне тыйым салынды. Атап айтқанда, Испаниядағы қала сыртындағы үй, Астана қаласындағы пәтер және автокөлік тәркіленді.
Қаржы мониторингі агенттігі Астана қаласы бойынша департаменті аталған факті бойынша тергеп-тексеру жүргізіп жатыр. Заңға сәйкес, өзге ақпарат жарияланбайды.
