«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратСаясат

Қазақстан мен Корея 12 келісімге келді

Қазақстан мен Корея стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтеріп, 12 құжатқа қол қойды

15 қыркүйекте Сеулде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Корея Республикасының Президенті Ли Чжэ Мён шағын және кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.

Келіссөз қорытындысы бойынша екі елдің сыртқы істер министрлері болашаққа бағдарланған қазақ-корей қарым-қатынасын жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеру туралы вербальді ноталар алмасты.

Сондай-ақ тараптар ғылым және технология, еңбек, атом энергетикасы, зияткерлік меншік, қала құрылысы мен инфрақұрылым, көлік, энергетика, орман шаруашылығы, мәдениет және тарихи нысандарды сақтау бағыттарын қамтитын 12 құжатқа қол қойды.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі деңгейі мен келешегін жоғары бағалады. Президент сапар аясында жалпы құны 19 млрд доллар болатын коммерциялық келісімдерге қол қойылғанын атап өтті.

Мемлекет басшысы корей инвесторларымен байланысты одан әрі жалғастыруға мүдделі екенін айтып, қонақ үй, мұнай өңдеу зауыты және қала құрылысы жобалары бойынша жоспарлар барын жеткізді. Сонымен қатар мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға мән берілетінін айтты.

Өз кезегінде Ли Чжэ Мён Қазақстан мен Корея арасындағы тарихи байланыстарға тоқталды. Ол Қасым-Жомарт Тоқаевқа Корея тарихында ерекше орны бар генерал Хон Бом Доның сүйегін елге қайтару жөніндегі шешімі үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ Корея Президенті қазақ халқының жер аударылған корейлерге пана болғанын атап өтті.

Келіссөз барысында тараптар екіжақты байланысты тұрақты жалғастырып, бір-біріне жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін растады.

Кездесу қорытындысында Қазақстан мен Корея стратегиялық серіктестікті нығайтып, оны жаңа нақты мазмұнмен толықтыруға ниетті екенін мәлімдеді.

Ұқсас жаңалықтар

ЖОО-ға түсушілерге маңызды жаңалық: Министрлік шекті баллдарды жариялады

Redaktor Shyn-Ar

«Қазақстан» РТРК-ның жаңа Басқарма төрағасы тағайындалды

Министрлік ҰБТ-ға қатысатын талапкерлерге үндеу жолдады