Қайрат Сатыбалдының ұлына тиесілі болған «Байсат» базары қайтадан сатылымға шығарылды. Бұл жолы нысанның бағасы шамамен 2 млрд теңгеге арзандатылған. «Байсат» көтерме-бөлшек сауда орталығы» ЖШС-нің үлесі электронды аукционға қойылып, сауда 5 ақпанға жоспарланған. Бастапқы бағасы – 24,77 млрд теңге.
Сауда орталығы жалпы аумағы 4 221 шаршы метрді құрайтын үш ғимараттан және 1,4 гектар жер телімінен тұрады. Аталған актив 2024 жылдың қаңтар айында мемлекет меншігіне қайтарылған. Қазіргі таңда нысанды жалға беруден түскен табыс Арнаулы мемлекеттік қорға бағытталып отыр.
Айта кетейік, бұған дейін 2025 жылдың қараша және желтоқсан айларында өткізілген аукциондар нәтиже бермеген. Себебі сауда орталығын сатып алуға ниет білдіргендер болмаған.
Сонымен қатар «Байсаттан» бөлек, жалпы құны 520,9 млн теңгені құрайтын өзге де активтер бойынша 40 электронды сауда жарияланған.
