16 қаңтарда Қазақстанның тұңғыш мүфтиі Рәтбек қажы Нысанбайұлы 86 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Азалы хабарды Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы жариялады.
Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының сөзінше, «Рәтбек хазірет мүфти болған кезінде мұсылман мемлекеттерімен тығыз қарым-қатынас орнатып, ынтымақтастықты арттырды. Ол басқарған жылдары 30-дан астам мешіттің салынуына ықпал етті».
Рәтбек Нысанбайұлы 1940 жылы дүниеге келген, Ливия университетінде діни білім алған. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды.
1990 жылы Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының басшысы болып сайланған және он жыл мүфти қызметін атқарған. Кейінгі жылдары Есік қаласындағы мешіттің бас имамы болды.
Апта басында ғана оған «Шарапат» ордені тапсырылған. 2020 жылы «Парасат» орденімен марапатталған. Сонымен қатар, Нұр-Мүбарак университетінде Рәтбек қажы атында аудитория бар.
