«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратБілімТаным

Өмірдің кілтін ұстатқан ұстазым туралы бір үзік сыр

   Өмірде адамға бағыт-бағдар беретін, қараңғылықтан жарыққа шығаратын ұлы күш бар. Ол – білім. Ал білімнің кілтін ұстатқан кім? Әрине, ұстаз! Ұстаз – шәкірттің ғана емес, бүтін бір ұлттың тағдырын айқындайтын тұлға.

   Қарапайым ғана сынып бөлмесін елестетіп көріңіз. Алдыңызда тақта, қолында бор. Көздерінде үміт оты жанып тұрған жиырма шақты бала қарап отыр. Олар сізден не күтеді? Білім ғана ма? Жоқ, олар сізден сенім күтеді. Олар сізден өмірлік жолдың дұрыс бағытын күтеді. Бұл – ұстаздың нағыз жауапкершілігі.

   Мен де кеше шәкірт болған адаммын. Менде де кеше көпер күніне деген үміт шырағы, сенім оты болғаны анық. Басқа замандастарым секілді менің де үміт отымды жағып, сенім ұялатқан ұстаздарым болды.

    Адам өмірге келген соң, Абай атам айтпақшы, дүниеге бір кірпіш болып қаланып, өмірден өз орнын табуында басқа бір азаматтардың азаматтық тірліктері, жасаған жақсылықтары, қолдаулары болып жатады. Менің бағыма қарай шығар, ондай қамқорлықтан шет қалған емеспін. Менің өмірімде үлкен өзгеріс әкелген екі азамат болды. Мен оларды ұстаздарым деп атап, пір тұтып, ұрпақтары алдында басым жерге тигенше иіліп, тағзым етемін. Бүгінгі күні тоқсанның төріне көтерілген шағымда өз білігімнен өткенге көз саламын. Қазақ телевидениесінде Сағат Әшімбаев пен Шерхан Мұртазаның «Қарыз бен парыз» атты хабары болған еді. Мен де өз бойымдағы қарыз бен парызды таразы басына салып, өткенге көз жүгіртуді мақсат еттім. Бүгінгі айтпағым сол мақсаттан туған дүние еді. Әрқашан парыз болсын, сол екі азаматтың бірі туралы сөз қозғағым келеді. Әңгіме сол арнадан бастайын.

   1962 жылы ҚазҰУ-дің психология және педагогика кафедрасының аспирантурасына түстім. Ол кезде кафедра меңгерушісі, ірі ғалым, профессор, академик деген атақтары бар Төлеген Тәжібаев деген азамат еді. Сол кісі менің ғылыми жетекшім болды. Маған еңбек тәрбиесіне байланысты тақырып берді. Оқушы балалардың қабілетін, дарындылығын зерттеп, мектеп бітіргеннен кейін қандай мамандық таңдайды? Соған кәсіби бағыт-бағдар беруді психологиялық тұрғыдан зерттеуді маған жүктеді.

   Әке-шешем қарт кісілер болған соң, немерелерін көріп кеткісі келді ме, мені ерте, жиырма жасымда үйлендірген еді. Аспирант болғанда бір қыз бен екі ұлдың әкесі атанған, балалы-шағалы едім. Қырсық деген аяқасты болатын дүние ғой. Дәл осы жылы, кіші ұлым дүниеге келген соң әйелім қатты ауырып, науқастанып, төсек тартып қалды. Менің көрейін дегенім осы шығар, бір жылдан кейін айықпас аурудан жолдасым ана дүние есігін ашып кетті. Қызымның алты, үлкен ұлымның төрт және кіші баламның бірден асқан кезінде бүлдіршін бала-шағаммен жалғыз қалдым. Мен үшін Құдырет иесінің жіберген сынағы болар, қатты қиналдым. Басымда баспанам жоқ. Күн көретін қаражатым аспиранттардың стипендиясы ғана.

   Осы кезде ғылыми жетекшім болған Төлеген Тәжібаев маған көңіл айтып, мені қайрап, ағалық ақылын айтып, рухани қолдаған кездері көп болды. Ол кісінің өзі жеті жасында әке-шешесі, бауырлары аштық нәубетінен қайтыс болып, жетім қалған екен. Кісінің қолында, содан кейін балалар үйінде тәрбиеленіп, жетім болып жетілген көрінеді. Ол кісінің көргені жанында менің көріп жатқаным ештеңе еместей көрінді. Айтқан әңгімесінен қайратталдым. Келер күнге деген күш-қуат, жігер пайда болды.

   Бір күні ол кісі мені бір жерге апаратын болды. Апаратын жері жоғары білім министрлігі екен. Айтқан жеріне келдік. Бұл министрліктің жаңадан құрылып жатқан кезі екен. Бұрын алдын ала айтып, ескертіп қойған болу керек, біз келген бетте қарсы алған хатшы қыз министрдің бізді күтіп отырғанын айтты. Ғылыми жетекшім мені министрдің кабинетіне қоса алып кірді. Министр орнынан тұрып, менің жетекшіммен амандасты да, бізге орындыққа отыруымызды сұрады. Мен отыруды ыңғайсыз көрген болуым керек, әдеп сақтап, отырмай тұра бердім.

   Ол кісінің аты Қали Билялов екен. Араларында айтар сөз қысқа болды. –– Қали, – деді менің басшым оған қарап, – Мына жігіт – Жолмұқан Түрікпенұлы деген менің аспирантым.

   Не керек, ол кісі мен туралы сол жерде министрге жылы-жылы сөздерін айтты. Арасында менің басымдағы жанұялық жағдайымды, баспанасыз екенімді, шиеттей бала-шағаммен өлместің күнін көріп жатқанымды да айтып өтті. Айтқан сөзінің түйіні сол, «осы жігітке қамқоршы бол» деді. – Бұған қазір ең керегі – баспана, үй әпер, – деді. Басқа мәселелерге басын изеп отырған министр үй мәселесіне келгенде үнсіз қалды. Әрине, менің басшым министрге оңай жүк артып отырмағанын мен де іштей сездім.

   Шаруамызды айтқан соң министрдің кабинетінен шығып кеттік. Алатын аспиранттық ақшамның жағдайын білген соң қиналып жүргенімді сезіп, менің бала-шағамның жағдайын ойлады ма, Төлеген ағамыз мені жарты ставкаға ассистенттік жұмысқа алды.

  Сөйтіп жүргенде келесі жылы ол кісінің өзі ауырып қалды. Бұл 1964 жылдың наурыз айы еді. Ауруханаға түсіп қалыпты. Барып көңілін сұрайық деп едік, «келмей-ақ қойсын» депті. Содан бір күні ол кісі ауруханадан шығып, кафедраға келіп, бәріміздің басымызды қосып, Мәскеуге кетіп бара жатқанын, ол жерде ол кісіге операция жасайтынын айтты. Әрқайсымызға атқаратын жұмыстарымызды тапсырып, нақтылай түсті. Келгенше міндетін атқаратын адамды тағайындап та кетті. Үлкен өкініштісі сол, ол кісі Мәскеуден қайтпады. Шамасы науқасы асқынғаннан болар деп ой түйдік. Өзімен еңбекте үзеңгілес болған ғалымдар ол кісіге барып, қастарында болыпты. Сол сапары оның соңғы сапары болса керек. Денесі Алматыға әкелініп жерленді.

   Шынымды айтайын, ол кісінің қазасы маған да ауыр тиіп, қатты әсер етті. Әкемнің орнындағы әкемдей болған еді. Ескексіз қайықтай қалғанымды сезіндім. Уақыт бір орнында тұрған ба?! Кетер адам пайғамбарлар еліне кетті. Тірі адам ары қарай тіршілігін жасай берді. Сол топтың ортасында мен де бар едім.

   Бір күні маған хабар келді. Мені жоғары білім министрлігінің министрі Қали Билялов кабинетіне шақырыпты. Ертеңінде сағат тоғыздан қалмай ол кісінің кабинетінің табалдырығын аттадым. Министр мені жылы қабылдап, отырғызып, Төкең, Төлеген Тәжібаев туралы біраз естеліктер айтып, ол кісінің азаматтығы төңірегінде жылы пікірлерін айтты. «Саған әкеңдей кісі еді» деп, маған қазасына орай көңіл айтты. Ол кісінің «маған қамқоршы бол» деген аманаты бар екенін де ұмытпағанын, мүмкіндік болса қолдан келгенше көмегін беретінін тілге тиек етті. Бірақ маған қойған бір шарты болды. «Сен бірақ маған жұмысқа ауысасың» деді. Аспирантурамды сырттай бөлімге ауыстыру керек екенін, қорғайтын дүниемді осы жерде қорғайтынымды айтты. Жетекшім болмай, ескексіз қайықтай қалған мен не деуім керек еді? Келісімімді бердім. Үй мәселесін шешу қиын екенін, жаңадан ашылған министрлік болған соң менен де басқа қызметкерлердің үйлері жоқ екенін, бірақ бір жыл шыдасам, ол мәселені шешіп беретінін айтты.

   Сөйтті де кадрлар бөлімінің бастығын өзіне шақырды. Ол кісінің аты Темірболат Сәрсенов екенін кейін білдім.

  – Мен айтқан азамат – осы жігіт. Қандай бос орындар бар? Жұмысқа алуымыз керек.

  – Ғылым бөлімінің инспекторы.

  – Жақсы.

   Кадрлар бөлімінің басшысы нақты тапсырма алып, кабинеттен шығып бара жатқан еді. Министр ол кісіні тоқтатып: – Ғылым бөлімінің инспекторы дейсің бе? Жоқ бұл жігіттің жағдайы өте қиын, қиналып жүр. Артында бүлдіршін жастағы бала-шағасы бар. Жағдайы түзелу үшін аздаған дұрыстау тиын-тебен болсын, бөлімге инспектор емес, аға инспектор етіп қабылда.

   — Аға инспекторлыққа бұл кісінің тәжірибесі жоқ, қалай болар екен? Уақыт келсе көтереміз ғой.

  – Болмаса болады, көреді, біледі, тәжірибе жинайды. Айтқанымды орында! – Министр қысқа ғана сөзбен өз шешімін кесіп айтты.

   Сонымен мен ғылым бөліміне аға инспектор болып қабылдандым.

   Сол кезден бастап ол кісі менің әкемдей ұстазым болды. Соғыста болған кісі екен. Бұрын ажарлы болыпты. Денесіне снаряд жарқыншағы тиіп, күйіп, өз ізін салған секілді. Өзі оның үстіне контузия алса керек.

   Ол кісі маған берген сөзінде тұрып, бір жылдан кейін Алматының шет жағындағы шағын аудандағы жаңадан салынған бір үйдің екінші қабатынан үш бөлмелі пәтер берді. Шешем мен үш балам бар, бесеуміз сол үйде тұрып жаттық. Арада өткен екі жылдық уақыт мені де шыңдаған секілді. Маған сенім артылып, жаңа қызметке ауысу керектігін айтып, ғылыми кадр дайындау бөлімінің басшысы болдым. Бөлім үлкен бөлім екен. Жалпы министрлікте он жылдай уақытым өтті. Министр қайда барса да мені көзбен көрсін, тәжірибе жинасын дегені болса керек, қасына ертіп алатын болды. Қазақстанның барлық қалаларына сапарлармен баруға тура келді. Ол кезде Мәскеуге бағынамыз. Мәскеуге, Киевке, сол кезден Ленинградқа баруға жолымыз түсті. Онда жоғары оқу орындарын аралап, өзімізге керек мәліметтер, тәжірибелер жинап жүрдік. Министрліктегі басқару ісіне керекті дарынды балаларды іріктеу жұмыстарымен айналыстық. Мәскеуде Жоғары және орта арнаулы білім министрлігі деген одақтық министрлік бар. Сол министрлікте министр болып істеген В.П.Елютин деген кісінің қабылдауында да болдық. Коллегия болып тұрады. Оған тек одақтас республикалардың министрлері ғана қатысады. Министрлердің орынбасарларын қатыстырмайтын сол коллегияға Қали ағамыз менің қатысуыма рұқсат алып берген кездері болды.

   Кейін шешетін мәселелер болса министрдің өзі бармай, мені жіберетін кездер де болып тұрды. Ол кезде диссертация қорғау деген қиын дүниелердің бірі еді. Қорғауды қамтамасыз ететін кеңестер аз да, қорғауға ниет ететіндер өте көп болатын. Қорғауға өтініш бергендердің одақ көлемінде көптігі сонша, кезекке тұратындай жағдайға келген анық. Кейбіреулері қорғауға дайын болса да өз кезегін айлап, тіпті жылдап күтетін кездер болып тұратын. Кезегін күткісі келмегендер Мәскеуден, Новосибирскден, Киевтен, Ленинградтан қорғап жүрді. Осы мәселені тездетіп, қорғаймын дегендерге жол ашу үшін Мәскеудегі одақтық министрлікке баруға тура келіп жүрді. Бұндай проблемаларды шешуді маған жүктеуі маған деген сенім еді. Ақтауға тырысып жүрдім.

  Министр Қали Биляловтың кезінде ғылыми кадрлар даярлауда үлкен секіріс пайда болды. Бұл 1960-1970 жылдар еді. Қазақстанның жоғары білімі үшін бұл жылдар өрлеу жылдары болды. Көптеген қалаларда жоғары оқу орындары есіктерін жастарға айқара ашып жатты. Целиноградта инженерлік-құрылыс институты, Павлодарда индустриалды институт, Алматыда архитектуралық құрылыс институты ашылды. Мұндай жоғары оқу орны Өскеменде де ашылды. Бұрынғы бар институттарда қосымша факультеттер пайда болды.

  Ғылыми кадрларды даярлауда, жоғары білімді мамандар дайындауда, орта арнаулы білім орындарында да білікті кадрларды шығаруда Қали Биляловтың еңбегі орасан зор болғаны анық.

  Кейде сапарларымыз бір болып жатады. Оңаша қалған сәттерде маған ашылып, өз өмірінен сыр айтады. Бұл кісінің өмір жолы да қиындықсыз өтпепті. Бұл кісі де алты-жеті жасында жетім қалыпты. Семей өңірінің Жарма деген жерінде туып өскен екен. Ағайын-туысы оған мал бақтырып қойған көрінеді. Басқа замандастары секілді оқығысы келген. 13-14 жасында бағып жүрген қой отарын тастап, қашып шығып, Үржар деген жерде оқу барын естіп, сол жерге жаяу жеткен екен. Сол жердегі мектеп-интернатқа келіп, жағдайын айтса керек. Ол жердегі ұстаздар оның жағдайын түсініп, оқуға қабылдапты. Кештеу келсе де оқуға деген ынтасы болар, бір жылда екі класты артқа тастап оқып отырған көрінеді. Сол жердегі мектепті жасы ұлғайғанда бітіріпті. КазГУ-ге келіп, химия факультетіне оқуға түседі. Мұнда да жақсы оқуының арқасында сталиндік степендия алып отырған көрінеді. Оның жастық шағы өтіп жатқан тұста соғыс басталып, екінші курстан кейін майдан даласына аттанған екен. Соғыстың аты-соғыс. Ол өз ізін ағамызға аямай салғандығын жоғарыда айтқан едік. Ажалсыз болған соң жеңісті қарсы алып, өзі оқыған университеттің химия факультетіне қайта оралады. Оны бітірген соң аспирантурада қалып, кандидаттық диссертациясын қорғап, ғылым жолына түседі.

  Ол кезде Шымкентте химия-технологиялық институт ашылып жатқан мезгіл. Бір күні оны Мәскеуге шақырып, осы институтқа басшылық жасауға ұсыныс білдіреді. Институтқа ректор болған жылдары оның материалдық-техникалық базасын жасауға көп еңбек сіңірген оны енді жоғары білім министрлігінің министрі етіп Мәскеуден тағайындайды.

  Оқырман қауымға молырақ мағлұмат беру үшін ұстазым Қали Биляловтың өмір жолын сәл әріден бастап толық тоқталайын.

  Билялов Қали 1918 жылдың 10-шы қазанында Семей облысы Жарма ауданы №8 Малай ауыл советінің кедей-шаруа отбасында дүниеге келген. Сол кездегі қатарластары секілді еңбекпен ерте есейіп, 7 жасынан шопан көмекшісі, 10 жасынан мал соятын қасапханада жұмысшы болып істеген оған білімнің есігі кейін ашылды. 1931-1935 жылдары бастауыш мектепте, 1935-1937 жылдары Түркісіб политехникумында, 1937-1938 жылдарда Қазақ мемлекеттік медициналық институтының жұмысшылар факультетінде оқыды. Жас Қалиға, сол секілді оның әпкесі Қанша мен бауыры Жұманға ерте қайтыс болған әкесінің жоқтығын сездіртпей оқуға деген ынтасын қолдап, жетелеген әкесінің туған ағасының баласы Ескендірдің зор ықпалы болды.

  1938 жылдың қыркүйегінде К.Билялов С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің химия факультетіне түседі. Бірінші курстан-ақ оның ғылымға қызығушылығы пайда болып, Қазақстан тарихында студент қазақ жастарының ішінде тұңғыш рет сталиндік степендияның иегері атанып, республика студенттерінің ішінде үздік аталып, жұмысы Қазақстан Мемлекеттік мұражайының экспозициясына қойылады.

  Алайда, оқуы Ұлы Отан соғысына байланысты үзіліп, тамыз айында ол Кеңес армиясы қатарына шақырылады. Тәшкенттегі Фрунзе атындағы әскери-жаяу әскер училищесінде (1941 ж.) және Шыршық қаласындағы «Выстрел» атты жоғары Офицерлер курсында (1942 ж.) дайындықтан өтіп, 274-ші атқыштар дивизиясының 963-ші атқыштар полкіне рота командирінің орынбасары болып, ұрыстар мен қақтығыстарға қатысу үшін Калинин майданына жіберіледі. Әскер шені – лейтенант. Калининград облысына қарасты Ржев қаласының түбіндегі ұрыста ауыр жарақат алып, Богородск және Семей госпитальдарында жатып емделеді. Емделіп шыққаннан кейін Аякөз бен Семейдегі тылда оқу взводының командирі болып, майданға сарбаздар дайындап, 1945 жылдың желтоқсанына дейін, әскерден босап шыққанша қызмет атқарады. 1943 жылдың маусымында СОКП мүшелігіне қабылданады.

  1946-1949 жылдар аралығында К.Билялов С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің химия факультетінде оқуын жалғастырып, «физикалық химия» мамандығы бойынша үздік бітіріп шығады. Оған оның ғылыми зерттеу жұмыстарына қызығушылығын оятқан Д.В. Сокольский, М.И.Усанович, А.Б.Бектұров, М.Т.Козловский, А.Ш. Шарифканов секілді ұлы ғалым-педагогтар дәріс береді. Ол оқумен қатар ҚазССР Ғылым академиясының Тау-кен институты директорының көмекшісі болып қызмет жасайды.

  1949 жылдың қарашасында ҚазССР Ғылым Академиясы Президиумының шешіміне сәйкес К.Билялов химия ғылымдары институтына жіберіледі. Ол мұнда 1957 жылдың шілдесіне дейін кіші ғылыми қызметкер, ғалым хатшы, институт директорының ғылым істері жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарды. Ол кезде институт директоры болып оның негізін қалаған ҚазССР Ғылым Академиясының академигі А.Б.Бектұров басқарған болатын. Ол жас майдангер-ғалымның келешегінен зор үміт күтіп, оның өсуіне қолдау білдіріп отырды. 1954 жылдың сәуір айында К.Билялов ҚазССР Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі, физико-химияның дарыны, қышқыл мен негіздер теориясының авторы, профессор М.И.Усановтың жетекшілігімен химия ғылымының кандидаты Дәрежесіне ғылыми диссертация қорғап шықты. Диссертация тақырыбы – «Күрделі эфирдің органикалық қышқылдармен оксондық қосылысы туралы». Бұл жұмыстың оптикалық бөлігі А.А.Жданов атындағы Ленинград мемлекеттік университетіне қарасты ғылыми-зерттеу физикалық институтының және теориялық спектроскопия лабораториясында физика-математика ғылымдарының докторы, профессор В.М.Чулановскийдің басшылығымен атқарылды.

  1957 жылдың шілдесінде К.Билялов Шымкент технологиялық институты базасының негізінде ашылған Қазақ технологиялық институтының ректоры болып тағайындалады. Кейін, 1964 жылы институт Қазақтың химия-технологиялық институты болып қайта кұрылды. Ол осы лауазыммен бірге ғылыми ізденістерінен қол үзбей, студенттерге лекция оқуын жалғастырып, институттың физикалық және колоидтік химия кафедрасына жетекшілік етті. 1958 жылы желтоқсан айында оған аға ғылыми қызметкер, 1959 жылы доцент атақтары берілді. Осы институтты басқара отырып СССР жоғары оқу орындары министрлігімен байланыса отырып, ел экономикасының дамуына маңызы зор көптеген жаңа мамандықтардың ашылуына жағдай жасады. Сөйтіп институттың материалдық базасының қалыптасуына негіз қаланып, ол Қазақстанның алдыңғы қатарлы жоғары оқу орнының біріне айналса, СССР көлемінде технологиялық жоғары оқу орындарының алдыңғы бестігіне кірді. Осы институттың Жамбыл, Семей қалаларындағы филиалдары кейін дербес жоғары оқу орындарына айналды. Осы оқу орнының қабырғасынан ірі ғалымдар мен мемлекет қайраткерлерінің бір топ шоғыры шықты.

  1959 жылы СССР-дегі жоғары және орта арнаулы білім жүйесін дамыту мақсатында, әрі одақтас республикалардағы жоғары және орта оқу орындарының мүмкіндіктерін кеңейту мен статустарын жоғарылату мақсатында Кеңес үкіметі «СССР жоғары және орта арнаулы оқу орындары басшыларының қайта құрылуы туралы» 1959 жылдың 17-ші маусымында №671 қаулысы қабылданды. Осыған сәйкес одақтас республикаларда жоғары және орта арнаулы білім министрліктерінің құрылуы қарастырылған болатын.

  1959 жылдың тамыз айында К.Билялов ҚазССР Министрлер Кеңесінің жоғары және орта арнаулы білім жөніндегі Мемлекеттік комитеттің төрағасы болып тағайындалады да, 1960 жылдың тамызында комитеттің қайта құрылуына байланысты жоғары және орта білім министрлігінің министрі болады.

  Арнайы министрліктің құрылуы жоғары оқу орындарындағы оқу-әдістемелік, ғылыми жұмыстарды бір мақсатқа жұмылдыруға мүмкіндік тудырды. Осының бәрі кадр дайындау деңгейінің көтерілуіне, республикадағы жоғары және орта арнаулы оқу орындары жұмыстарының жетілуіне ықпал етті.

  К.Биляловтың осы министрлікті 12 жыл басқарған кезеңінде республика экономикасының өрлеуіне орай жоғары және орта арнаулы білім министрлігі жаңа даму бағыты жолына түсті. Республика министрлігінің жүйесінде 12 жаңа жоғары оқу орны, 28 орта арнаулы білім ошағы, 6 филиал және жоғары оқу орындарының 12 жалпытехникалық факультеттері ашылып, бұрынғы жоғары оқу орындары қайта құрылды және кеңейді.

  Мысалы Алматыда халық шаруашылығы институты, жеңіл және өнеркәсібі технологиялық институты, Жамбылда гидромелиоративтік институт, Целиноградта медицина тамақ және инженерлік құрылыс институты, Теміртауда зауыт-втуз, Целиноградта, Павлодарда және Көкшетауда педагогикалық институттар құрылды.

  1965 жылға қарай Қазақстанның ауыл шаруашылығын қамтитын жоғары білімді мамандардың өсімі 72 пайызға көтеріліп, оның саны 196,4 мың адамға жетті. (1959 жылы 113,8 мың адам болған).

  1969 жылы республика Үкіметі министрлікке еркіндік беріп, оның Ережесін бекітті. Осы жылы жоғары оқу орындарында дайындық бөлімдері ашылып, жұмысшы жастардың жоғары білім алуларына жағдай жасалды. Егер 1960 жылы республиканың жоғары оқу орындарына 18100, орта арнаулы оқу орындарына 32700 студент қабылданса, 1969 жылы олардың көрсеткіші 40604 және 66900 адам болды.

  Жалпы алғанда жоғары білімді мамандар бойынша 69 жаңа мамандық, орта арнаулы білім бойынша 59 жаңа мамандық дайындалып, жас мамандарды қабылдау мен шығару жоспары ұлғайды. Инженерлер мен экономистерді дайындау кеңейді. Егер 1961-1965 жылдары Қазақстан жоғары оқу орындары 7714 жоғары білімді инженер мен 4115 экономист дайындаса, 1966-1970 жылдары соған сәйкес 24230 жәнге 7677 маман дайындады.

  Жоғары оқу орындарында ғылым дамуы өріс алды. 83 ғылым докторы және 940 ғылым кандидаттары шығып, аспиранттарды дайындау ісі 8 есе ұлғайды. Оқу орындарының материалдық техникалық базасы нығайды. Қазақ мемлекеттік университетінің оқу-ғылыми комплексінің құрылысы басталды. Байланысы жаңа жолға түсті.

  Республика оқу орындарының Ресей, Украина, Белоруссия, басқа да республикалардың алдыңғы қатарлы оқу мен ғылыми орталықтарымен байланыстары нығайды. Өз кезегінде орыс және өлем мәдениетіне, ғылымы мен біліміне жол ашуды көздеген министр бұл жолды Қазақстанның болашағына жол ашумен тең деп көрсетті. Сол кездердегі көптеген студенттер, аспиранттар мен докторанттар бүгіндері республика өміріндегі бағыттардың дамуына зор үлестерін қосты. Осы істе шетел университеттері мойындаған Қ.Биляловтың еңбегі ұшан теңіз.

  1960 жылы СССР жоғары мектебі делегациясының құрамында АҚШ-тың Вашингтон, Питтсбург, Кливленд, Бостон және Нью-Йорк қаласында болып, Джон Хопкинс, Питтсбург және Гарвард университеттеріндегі оқу процесі мен ғылыми зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру тәжірибесі зерттелді.

  1965 жылы Қ.Билялов СССР жоғары мектебі делегациясының құрамына басшылық жасап, жоғары білім мәселелері бойынша Англияға барып қайтты. Сапар барысында Лондон, Кембридж, Оксфорд университеттерінде, Бирмингем және Манчестер, басқа да университеттерде болды.

  1967 жылы СССР жоғары оқу орны министрлігі делегациясының құрамымен Канаданың Монреаль қаласындағы әлемдік ЭКСПО көрмесінде болып, Оттава мен Торонто университеттерінің жұмысымен танысты.

  1970 жылы СССР жоғары оқу орны делегациясы құрамында Берлинде болған социалистік елдердің жоғары оқу орындары министрлерінің бесінші Конференциясы жұмысына қатысты. Сонымен қатар Германияның бірқатар оқу орындарында болды.

  Әріптестері мен СССР министрі В.П.Елютиннің пікірі бойынша К.Билялов жоғары және орта білім министрліктерінде өте беделді министр болып есте қалды. Ол бірнеше рет СССР жоғары білім мектебі қызметкерлерінің съезіне делегат болып сайланды. СССР жоғары оқу орны министрлігінің грамотасымен марапатталды.

  Мол энергиясы мен еңбексүйгіштігі, ұйымдастырушылық қабылеті жене энтузиазмы арқасында республика білімінің дамуында көшбасшы бола білді. Қазақстан жоғары білімінде жұмыскерлік ахуал орнату негізінде ірі ғалымдар мен ұйымдастырушылар шоғырын дайындап шығаруына өзінің сүбелі үлесін қосты. Олардың қатарына А.С.Сағыновты, Ө.А.Жолдасбековті, К.А.Аймановты, Ш.Ш.Шаяхметовті, С.Т.Сүлейменовті, М.Ж.Жұрыновты және басқаларын жатқызуға болады.

 1971 жылдың маусымында Қ.Билялов Қазақ ССР Советі төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Әлеуметтік сфера мәселелерін шешуді басшылыққа алған ол республикадағы мәдениеттің, ғылымның, білімнің, денсаулық саласының, денешынықтыру мен спорт ісінің ілгері дамуына өзіндік еңбегін сіңірді. Қазақ ССР-і Министрлер Советі жанындағы әдебиет, өнер жөне архитектура саласы бойынша мемлекеттік сыйлықты тағайындау Комитетін басқарды. Дәл осы кез Мемлекеттік сыйлыққа лайық деп танылған Олжас Сүлейменовтың, Айша Ғалымбаеваның, Ермек Серкебаевтың, Роза Жаманованың, Василий Яковенконың, Ғазиза Дугашеваның, Асанәлі Әшімовтің, Сұлтан-Ахмет Ходжиковтың, Болат Аюхановтың шығармашылығы жоғары бағаланған кез еді.

  Ол бірнеше рет халық депутаттары Алматы қалалық Советі депутаттығына сайланған болатын. Бір рет халық депутаттары Шымкент қалалық Советі депутаттығына сайланды. 1962 жылы Қазақ ССР Жоғары Советінің депутаттығына сайланды. Қ.Билялов 1972 жылы 20 шілдеде Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің сезінші шақырылған үшінші сессиясында «Қазақ ССР-індегі ауыл тұрғындарына мәдени қызмет көрсетуді жақсарту» тақырыбында негізгі баяндама жасады.

Қ.Билялов Қазақстан Коммунистік партиясы Шымкент облыстық комитеті Пленумы мүшелігіне кандидат болды. Сол сияқты Қазақстан Коммунистік партиясының Х және ХІ съездерінде Орталық Комитет мүшелігіне кандидат, XII және XIII Орталық Комитеттің мүшесі болды. Қазақстан Коммунистік партиясының IX-XIII съездеріне және КПСС ХХІІІ съезіне делегат болып сайланды.

  Мемлекетке сіңірген еселі еңбегі үшін Қ.Билялов Ленин орденімен, үш рет Еңбек Қызыл ту орденімен, «Еселі еңбегі үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Ұлы Отан Соғысындағы Жеңіске 20 жыл, 30 жыл, 50 жыл» секілді СССР медальдарымен марапатталған. Сол секілді Қазақ ССР Жоғары Советінің Құрмет грамотасымен екі рет, СССР мемлекеттік жоспарлау комитетінің Грамотасымен марапатталды.

  Мемлекетіміздің даму жолына барын аямаған Қ. Билялов 1974 жылдың соңында ауыр халде болып, 1976 жылы зейнетке шығып, келесі жылдың 6 желтоқсанында 59 жасында дүниеден озды. Алматының мыңдаған халқы ұлы тұлғамен соңғы рет қоштасып оған құрмет көрсетуге ағылды.

 Ол көпшіліктің көкейінде өзінің адамшылығымен, қарапайымдылығымен, жоғары мәдениеттілігімен, халқының перзенті ретінде еліне берілгенімен есте қалды. Содан бері талай жылдар өтсе де қазақ қоғамында ұлы тұлғалардың бірі ретінде сақталынып қалды.

  Ұлы тұлғаның құрметіне орай ол өмірінің соңына қарай тұрған үйінің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды. Қазақ Ұлттық Университеттегі аудиториялардың біріне оның аты берілген. КИМЭП-те оның атында степендия тағайындалған. Қазақстан қоғамы оның сексен жылдығын өз деңгейінде атап өтті.

  Қазақ ортасына орыс тілінен сабақ берген оның жұбайы және сенімді серігі Сара Жақиқызы Кенешева өз өмірін педагогикаға арнаған. Жоғары мектепте жұмыс істеді. Қазақ ССР Ғылым Академиясына қарасты Тіл білімі институтында еңбек етті. 2017 жылы дүниеден қайтты.

 Балалары әке жолын қуған. Үлкен ұлы Асқар Қалиұлы М.Ломоносов атындағы МГУ-дің аспирантурасын бітірген соң Әл-Фараби атындағы Қазақ университетінде жұмыс істеді. Философия ғылымының кандидаты. Философия мен саясаттану факультетіндегі бетке ұстар доценттердің бірі. Кіші ұлы Ержан Қалиұлы Ресей Үкіметі жанындағы халық шаруашылығы академиясының түлегі. Сол секілді АҚШ, Канада, Германия жоғары оқу орындарында оқыған. Қазақстан Республикасы экономика вице-министрі болып істеген. КИМЭП университетінің вице-президенті болған. Мұнай-газ компаниялары бірлестігін басқарған. КИМЭП-тің құрметті докторы. Информация саласы бойынша Халықаралық Академияның академигі. Қазіргі таңда жолдасы Сабыржанова Найля екеуі халықаралық компанияны басқарады.

  Биляловтар әулеті кеңеюде. Сегіз немере мен шөберелері бар.

  Ұстаз – білім беруші ғана емес, рух тәрбиелеуші, болашақтың сәулетшісі. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген сөзде тұтас, терең философия жатыр. Өйткені жақсы ұстаздан тәлім алған шәкірт өмірдің кез келген қиындығына төтеп бере алады.

  Қазір ойлап қарасам, әрқайсымыздың өмір жолымызда ұстаздың ізі бар. Біз ұстаздан жазуды, оқуды, дұрыс ойлауды, үлкен өмірге бағыт-бағдар алуды үйрендік. Сол үшін ұстазға тағзым ету – адамдықтың ең үлкен белгісі. Ұстазсыз ұрпақ жоқ, ұрпақсыз ұлт жоқ.

  Ұстаз алдында әр шәкірттің парыз бен қарыз деген екі үлкен міндеті бар. Парызы –  ұстаздың берген біліміне құрметпен қарау. Қарызы сол алған білімін ел игілігіне жұмсауы. Мен де осы қағидадан аспай ұстаз алдындағы міндеттерімді орындайын деп қолыма қағаз бен қаламымды алған едім. Бір үзік сырға айналған ұстаз туралы тебіренісім осы мақсатты көздеген еді.

  Сөзімді түйіндесем, міне, осындай өмір соқпақтарынан өткен азаматтың, ұстазымның еңбек жолы кейінгілерге өшпес өнеге, ғибрат алар тәлім-тәрбие, үлгі болары даусыз.

  Әруағың разы болсын, алдымдағы жол көрсеткен шырағым! Сенің есімің, азаматтық кескін-келбетің менің есімде жүрері анық. Жүрегімнің төріндегі саған деген адами ризашылығымды, шәкірттік махаббатымды өзіммен бірге ала кетермін.

Жолмұқан ТҮРІКПЕНҰЛЫ,

шәкірті, ҚР Гуманитарлық Академиясының академигі.

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры

Ұқсас жаңалықтар

Әлеуметтік жобаларға бөлінген 2 миллиард теңге жымқырылды: Мәслихат депутатының үстінен іс қозғалды

Жайылым жер мәселесі Қарақұрда дау тудырды

Redaktor Shyn-Ar

Қазақстанда жүзден аса стоматология жабылды