Бұл туралы заңгер Бекболат Қаржан Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялады. Оның мәлімдеуінше, Түркістан облысы Созақ ауданына қарасты Қарақұр ауылдық округінде алтын өндіруші компания өкілдері мен жергілікті тұрғындар арасында өткен қоғамдық тыңдау халықтың толықтай қарсылығымен аяқталған.

Заңгердің айтуынша, жиын ауыл маңындағы жайылым жерлерде алтын өндіру жоспарымен байланысты ұйымдастырылған. Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заң талаптарына сәйкес өткен қоғамдастық жиналысында тұрғындар ашық дауыс беру арқылы өз ұстанымын білдірген. Нәтижесінде, жиналысқа қатысқан халықтың 100 пайызы жобаға қарсы болған.
Заңгердің мәлімдеуінше, қоғамдық тыңдау барысында ауыл тұрғындары компания өкілдеріне жерді пайдалану, жайылым мәртебесі, экология және су көздерінің сақталуы бойынша сұрақтар қойғанымен, инвестор тарапынан келген өкілдер бұл мәселелерге қатысты дұрыс жауап бере алмаған.
«ҚР Жер кодексіне сәйкес, ауылдық елдімекендер маңындағы 5 шақырым радиустағы жайылым жерлер халықтың ортақ игілігі болып саналады және олар өндірістік мақсатта пайдаланылмауы тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жайылым жерлерді халыққа қайтару жөнінде нақты тапсырма берген. Бұл талаптарды елемеу – заңға да, Президент тапсырмасына да қайшы әрекет», – деді заңгер Бекболат Қаржан.
Оның айтуынша, жиын барысында халықтың негізгі уәжі – жайылым жердің жетіспеуі болған.
«Ауыл тұрғындары қазірдің өзінде жайылым жер тапшы екенін ашық айтты. Мал жаятын жер жоқ, бұрыннан пайдаланылып келген аумақтар тарылып кеткен. Ал алтын өндіру жұмыстары басталса, халық мүлде жайылымсыз қалуы мүмкін», – деді ол.

Сонымен қатар, заңгер ауыл маңындағы таулардың бұрыннан кесіліп, бөлшектенуі экологиялық жағдайды ушықтырып отырғанын атап өтті.
«Бұл аумақта бұған дейін де таулар қопарылып, табиғи тепе-теңдік бұзылған. Соның салдарынан экология нашарлап, ауыз су мәселесі қиындады. Енді тағы бір өндіріс орны ашылса, оның салдары ауыр болады», – деп жазды Бекболат Қаржан.
Қоғамдастық жиналысының қорытындысы ресми хаттамаға енгізіліп, халықтың алтын өндіру жобасына 100 пайыз қарсы екені тіркелген.
«Халықтың шешімі ескерілді. Нәтижесінде алтын өндіруші компания өкілдері Қарақұр ауылынан келген ізімен кері қайтарылды», – деп түйіндеді заңгер.
