«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратӘлеуметҚұқық

Бишімбаев алиментті аз төлеу үшін мүлкін үлкен ұлының атына жаздырған

Ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы жұбайы Назым Қаһарман әлеуметтік желіде балалардың әкесі алимент мөлшерін азайту үшін қандай әрекеттерге барғанын мәлімдеді.

Назым Қаһарманның айтуынша, Жоғарғы сот оның Бишімбаевты ата-ана құқығынан айыру туралы шағымын қараудан бас тартқан. Осыдан бірнеше ай өткен соң экс-министр алимент көлемін азайту жөнінде өтініш беріп, оны төлеуге мүмкіндігі жоқ екенін алға тартқан. Алайда Назым бұл уәжді жоққа шығарды.

«Менің адвокаттарым құжат жүзінде дәлелдеді: Қуандық алиментті әлі 15 жыл бойы төлеуге қауқарлы. Ол өз мүлкін жасыру мақсатында жақында 26 жасқа толатын ұлының атына рәсімдеген. Баласына қамқорлық жасау – дұрыс. Бірақ кәмелетке толмаған балаларына алимент төлемеу үшін мүлкін кәмелетке толған ұлының атына жазу – жиіркенішті әрекет», – деді Назым Қаһарман.

Бишімбаевтың адвокаты Ғазымжанов бұл пікірге жауап беріп, экс-министрдің ұлымен байланысын үзбейтінін және оның жағдайын сұрап тұратынын айтты. Осы себепті бірқатар жылжымайтын мүлік ұлының атына рәсімделгенін жеткізді.

Сот процесінің нәтижесінде Назым Қаһарман жеңіске жетті. Экс-министр бұрын жасалған келісімге сәйкес алимент төлеуге міндеттелді.

«Бұл келісімді бұзу мүмкін емес, ол екі тарапқа да бірдей қолданылады. Қуандық – табыс табуға қабілетті адам. Егер мұндай әрекеттерге бармағанда, бүгінде мультимиллионер, тіпті миллиардер болуы да мүмкін еді. Сол жағдайда бұл келісім оны қорғап, мен одан артық талап ете алмас едім», – деді Назым Қаһарман.

Айта кетейік, бұған дейін Назым Қаһарман 30 наурызда Қуандық Бишімбаевтың адвокаты хабарласып, оның анасы алимент пен өзге де міндеттемелерді төлеуден бас тартқанын айтқанын мәлімдеген. Себеп ретінде бұрынғы қайын атасының басқа да шығындары бар екені көрсетілген. Сонымен қатар балалардың ата-әжесімен тығыз қарым-қатынаста емес екені айтылған.

Еске сала кетсек, 31 жастағы Салтанат Нүкенова 2023 жылғы 9 қарашада жұбайы Қуандық Бишімбаевтың қолынан қаза тапты. Ерекше қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру және азаптау қылмыстары үшін Бишімбаев 24 жылға бас бостандығынан айырылды.

Ұқсас жаңалықтар

“Бүйрегін алып тастадық“. Павлодарда анасы биіктен тастап жіберген балалардың жағдайы айтылды

Қазақстанда екі немесе одан да көп жерде жұмыс істеуге тыйым салынбақ

Жетім балаларға қатысты даудан кейін облыс әкімінің орынбасары орнын босатты