«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратҚоғам

Қытайға қарсы наразылыққа шыққан белсенділер 5 жылға дейін сотталды

Қытайға қарсы наразылық акциясына қатысқан «Атажұрт» қозғалысының белсенділері мен олардың жақтастарына Талдықорғанда сот үкімі шықты. Сот «Ұлтаралық араздықты қоздыру» бабы бойынша айыпталған 19 адамның барлығын кінәлі деп таныды, — деп хабарлайды Shyn-ar.kz Азаттық радиосына сілтеме жасап.

2026 жылғы 13 сәуірде жарияланған үкімге сәйкес, айыпталушылардың бір бөлігіне 5 жылға бас бостандығынан айыру, ал кейбіріне бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сондай-ақ барлығына 3 жыл бойы қоғамдық-саяси қызметпен айналысуға тыйым салынды.

Сот үкімімен «Атажұрт» ұйымының жетекшісі Бекзат Мақсұтхан 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Қозғалыстың заңгері Нәзигүл Мақсұтхан 4 жыл 8 айға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Гүлдария Шеризат пен Гүлнәр Шаймұратқа 5 жыл түрме жазасы тағайындалды, алайда олардың кәмелетке толмаған балалары болғандықтан жазалары кейінге шегерілді. Тұрсынбек Қаби, Еркінбек Нұрақын, Ербол Нұрлыбаев, Марғұлан Нұрданғазы, Қуандық Қосжанов, Бақытжан Шұғыл, Батылбек Байқазы және Ерғали Нұрлыбаев 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Қанат Тұрдыбай, Асылхан Қолхаев және Аян Қалымбек 5 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Бақытнұр Нұрмұқан 5 жылға бас бостандығын шектеу жазасын алып, қамаудан босатылды. Беделхан Қабыләшім, Нұркелді Нұрсапа және Ақжігіт Бейсенәлі 4 жыл 8 айға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді, олардың ішінде Ақжігіт Бейсенәлі қамаудан босатылды.

Қамауда отырған айыпталушылар сот залына жеткізілген жоқ, үкімді тек үйқамақта болғандар тыңдады. Айыпталушылар мен олардың туыстары сот шешімімен келіспейтіндерін айтып, сот ғимаратының сыртында наразылық білдірді.

Бұл қылмыстық іске 2025 жылдың қараша айында Алматы облысы Ұйғыр ауданы Қалжат ауылы маңында өткен наразылық акциясы себеп болған. Сол кезде «Атажұрт» белсенділері мен олардың жақтастары Қытайға қарсы акция өткізіп, Қытай туы мен Қытай Коммунистік партиясының төрағасы Си Цзиньпиннің суретін өртеген. Наразылар Шыңжаңдағы «түзету лагерлерінде» қамалған қазақтарды босатуды және Қытаймен визасыз режимді тоқтатуды талап еткен.

Сондай-ақ олар Қытайда ұсталған Қазақстан азаматы Әлімнұр Тұрғанбайды елге қайтаруды талап еткен. Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Қытай тарапы берген мәліметке сүйене отырып, оның Қытай азаматтығынан шықпағанын хабарлаған.

Оқиғадан кейін полиция «Атажұрттың» 20-ға жуық белсендісін ұстап, алдымен әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Кейін олардың үстінен Қылмыстық кодекстің 174-бабы — «Ұлтаралық араздықты қоздыру» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Айыптау актісінде белсенділер масс-медианы пайдалана отырып, ұлттық алауыздықты қоздыру және Қытай ұлты өкілдерінің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлау мақсатында әрекет етті деп көрсетілген.

Құқық қорғаушылар бұл істің саяси астары болуы мүмкін екенін айтады. Олардың пікірінше, Қытай туы мен Қытай басшысының суретін өртеу әрекеті қытай халқына емес, Қытай билігінің саясатына қарсылық ретінде жасалған. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары аталған белсенділерді босатуға шақырған. Сонымен қатар олар Қазақстанда «ұлтаралық араздықты қоздыру» бабы азаматтардың пікір білдіру құқығын шектеу үшін қолданылып жүргенін бірнеше рет мәлімдеген.

Ұқсас жаңалықтар

Елнұр Бейсенбаев жаңа қызметке тағайындалды

Россия и США: мир в ожидании переговоров Путина и Трампа на Аляске

Астанада ең үздік қымыз үшін 45 миллион теңге сыйақы беріледі