«ҚазТемірТранс» компаниясының бұрынғы вице-президенті Азамат Қапеновке қатысты сотқа дейінгі тергеу деректері жарияланды. ҰҚК экс-төрағасы Кәрім Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы қызметтік өкілетін асыра пайдаланды және қаржы жымқырды деген күдікке ілінген.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәлімдемесіне сәйкес, Қапенов қызметтік өкілетін пайдаланып, жүк вагондарын қолдану қызметін көрсету кезінде өзімен байланысы бар компанияларға заңсыз артықшылықтар берген. Соның салдарынан «ҚазТемірТранс» АҚ-қа 5,2 миллиард теңгеден астам шығын келтірілген. Қазір Қапеновке халықаралық іздеу жарияланған, ал сот оны сырттай қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.
Келтірілген залалды өтеу және заңсыз алынған активтерді қайтару мақсатында Бас көлік прокуратурасы «Достық» станциясындағы терминалды сотқа дейін тәркілеу туралы өтінішхат жолдады. Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының қаулысымен аталған мүлік мемлекет кірісіне өткізілді. Қазір тергеу жалғасып жатыр.
Айта кетейік, Азамат Қапенов 2024 жылдан бері құқық қорғау органдарынан жасырынып жүр. Оны қазақстандық Антикор мен Мәскеу Ішкі істер департаментінің тергеу басқармасы іздеп жатыр.
