Теңгенің ұлттық валюта ретіндегі мәртебесін жаңа Конституцияда бекіту ұсынылды. Бұл бастаманы депутат Айдарбек Қожаназаров көтерді.
Депутаттың айтуынша, ұлттық валюта – елдің экономикалық тәуелсіздігі мен егемендігінің негізгі тетіктерінің бірі. Теңге қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, ішкі нарықты қорғайды және әлемдік экономикалық дағдарыстарға икемді жауап беруге мүмкіндік береді.
Айдарбек Қожаназаров қазіргі таңда теңгенің мәртебесі «Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі туралы» заңмен реттелетінін, алайда жаһандық қаржы жүйесіндегі өзгерістер жағдайында ұлттық валютаның мәртебесін Конституция деңгейінде бекіту маңызды екенін атап өтті.
«Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге екені Конституцияда анық әрі нақты жазылуы керек деп есептеймін. Бұл – әлемдік тәжірибе. Әзірбайжан, Армения және Қырғызстанның конституцияларында ұлттық валютаға қатысты нормалар бар. Ұлттық валютаны Конституцияда бекіту мемлекеттің экономикалық негіздерін нығайтып, валютаға қатысты кез келген күмәнді түсіндірмелердің алдын алады», – деді депутат.
Осыған байланысты Қожаназаров Конституция жобасына «Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге» деген арнайы тармақ енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Айта кетейік, бұған дейін мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин қолданыстағы Конституцияға қатысты сын айтқаны хабарланған болатын.
