«Шын-Ар» ақпараттық порталы
Басты ақпаратСпорт

Жеке клубқа – мемлекеттік қаржы: «Қайратқа» 750 млн теңге бөлінуі мүмкін

Қайрат Боранбаевқа тиесілі жеке меншік «Қайрат» футбол клубы 2026 жылы Алматы қаласының бюджетінен 750 миллион теңге алуы мүмкін. Ресми құжаттарға сәйкес, бұл қаражат премьер-лига командасының және клубтың жалпы құрылымының қызметін қамтамасыз етуге бағытталмақ.

Қазіргі таңда «Қайрат» футбол клубында барлығы 103 қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде:

  • Премьер-лига командасында – 5 бапкер және 21 футболшы;

  • «Қайрат Жастар» құрамында – 5 бапкер және 31 футболшы;

  • «Қайрат» академиясында – 41 бапкер және 800-ден астам тәрбиеленуші бар.

Сонымен қатар Алматы қаласында футзалды спорт түрі ретінде дамытуға 90 миллион теңге бөлу жоспарланған. Бұл қаражат жаттығу үдерісін ұйымдастыруға, спортшылардың халықаралық, қалалық және республикалық жарыстарға қатысуына, академия жұмысына және спорттық резервті даярлауға жұмсалмақ.

Алматы қаласының әкімдігі «Қайрат» футбол клубын қалалық бюджет есебінен қаржыландыру мәселесіне қатысты пікір білдірді. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, клуб тек ықтимал жеткізушілердің бірі ретінде ғана қарастырылып отыр және бұл әлі нақты шешім емес.

«Бұл жерде белгілі бір кәсіби футбол клубын немесе оның негізгі командасын тікелей қаржыландыру туралы сөз болып отырған жоқ. “Қайрат” футбол клубы балалар мен жасөспірімдер инфрақұрылымы дамыған, лицензияланған академиясы, білікті бапкерлер құрамы және футболмен айналысатын балалар санының көптігіне байланысты әлеуетті жеткізуші ретінде қарастырылуы мүмкін», – делінген әкімдіктің баспасөз хабарламасында.

Сондай-ақ әкімдік бөлінетін қаражат негізгі құрам ойыншыларының жалақысына жұмсалмайтынын ерекше атап өтті.
«Қалалық бюджет қаражаты командалардың халықаралық чемпионаттарға қатысуын, кәсіби футболшылардың еңбекақысын немесе клубтардың коммерциялық қызметін қаржыландыруға арналмаған», – делінген ресми мәлімдемеде.

Алайда әкімдік әзірге тендер өткізілмегенін және қаражатты нақты кім алатыны белгісіз екенін айтқанымен, бюджеттік шығыстарға арналған өтінім құжаттарында басқа мәліметтер келтірілген. Аталған құжаттарға сәйкес, 2026 жылғы Алматы қаласының бюджетінен бөлінетін 750 миллион теңге нақты «Қайрат» футбол клубына арналғаны көрсетілген. Сондай-ақ клубтың штат саны, бапкерлері, футболшылары мен тәрбиеленушілері де жеке-жеке атап өтілген.

Айта кетейік, бұл «Қайрат» клубына бюджеттен бөлініп отырған алғашқы қаржы емес. Бұған дейін «әртүрлі жас санатындағы балалар-жасөспірімдер командаларын ұйымдастыру және олардың Қазақстан Республикасының футбол біріншілігіне қатысуын қамтамасыз ету» қызметтері бойынша өткізілген конкурсқа Қайрат Боранбаевқа тиесілі клуб жалғыз қатысушы болған.

Ұқсас жаңалықтар

Алматыдағы марафонда екі адам көз жұмды: министр мәлімдеме жасады

Redaktor Shyn-Ar

Тоқаев Ресейдің Қазақстандағы елшісін қабылдады

Redaktor Shyn-Ar

Алматыда «ГАЗель» көлігі өртеніп, күлге айналды

Redaktor Shyn-Ar