«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратСаясатТіл

«Өз тілін өзгелерге тықпалау естінің ісі емес» – депутаттың пікірі

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи қазақстандықтарды қазақ тіліне қатысты өз ойы мен талабын өзгелерге өктем түрде тықпаламауға шақырды. Оның айтуынша, тілді текетірес пен ерегестің құралына айналдыру қоғамға пайда әкелмейді.

Депутат соңғы алты айда жаңа Конституция жобасына қатысты біржақты сындардың көбейгенін атап өтті.

«Әрине, азаматтық ұстаным мен мемлекеттік мүдде тұрғысынан айтылатын сындарлы пікірге шектеу болмауы керек. Бірақ сын айту мүмкіндігінің өзі – қоғамдық құндылық екенін бағалай білуіміз қажет. Назарбаев кезеңінде демократиялық демі тұншығып қалған қоғамның бүгін еркін пікір айтуы – сол құндылықтардың нәтижесі екенін мойындауымыз керек», – деді ол.

Бапидың айтуынша, Конституция жобасына қатысты халықтың талап-тілегін жоққа шығаруға болмайды.

«Ұлттық намысы оянған халықтың пікірін теріс деп, үзілді-кесілді қарсы шығудың жөні жоқ. Бұл тақырыпты жылы жауып қоюға болмайды», – деді депутат.

Осы орайда ол «басқа пәле – тілден» деген тәмсілді алға тартып, қазіргі күрделі геосаяси жағдайда абай болуға шақырды.

«Біз ешкімнен қорқып отыратын ел емеспіз. Алайда тәуелсіздігіміз бен қауіпсіздігімізді сақтау үшін сыртқы саясатта сабырлы дипломатия мен байыпты ұстанымнан басқа жол жоқ», – деді ол.

Депутаттың пікірінше, жаңа Конституция жобасының басты мақсаты – мемлекеттілік пен тәуелсіздіктің тұрақтылығын сақтау.

Сөз соңында Ермұрат Бапи қазақ тілін өзгелерге күшпен таңудың қажеті жоқ екенін айтты.

«Халқының үлес салмағы 70 пайыздан асқан ел өз тілін өктемдікпен емес, байыппен, сары майға ыстық қасық батырғандай насихаттай білуі керек. Тілді текетірестің құралына айналдыру бізге абырой әпермейді. Есерлікпен егесу – естінің ісі емес», – деп түйіндеді ол.

Ұқсас жаңалықтар

12 мыңға жуық бала Ұлттық қордан түсетін ақшадан айырылған

Тоқаевтың Вашингтондағы сапары: Трамппен маңызды келіссөз күтілуде

«Президент мерзімінен бұрын қызметтен кетсе…» – Тоқаев сайлау мәселесі бойынша маңызды ұсыныс айтты