Жаңа Конституция бойынша референдумның қорытындысы ресми түрде 2026 жылғы 21 наурызға дейін жарияланады.
Орталық референдум комиссиясы өкілінің мәліметінше, референдум 15 наурыз күні 9 799 учаскеде өтеді. Оның ішінде 632 учаске әскери бөлімдерде, демалыс үйлері мен санаторийлерде, стационарлық емдеу мекемелерінде, тергеу изоляторларында және Қазақстанның шетелдегі өкілдіктері жанында орналасады.
Дауыс беру уақыты — сағат 7:00-ден 20:00-ге дейін. Егер учаскедегі сайлаушылардың барлығы мерзімінен бұрын дауыс беріп үлгерсе, учаскелік комиссия дауыс беруді ертерек аяқтай алады.
Дауыстарды санау жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00-де басталады. Ал егер қандай да бір учаскеде дауыс беру уақыты өзгертілсе, санау процесі дауыс беру аяқталған сәттен басталады.
Референдум өтті деп танылуы үшін дауыс беру құқығы бар азаматтардың жартысынан көбі қатысуы қажет. Ал ұсынылған мәселе қабылданды деп есептелуі үшін қатысушылардың жартысынан астамы қолдауы тиіс.
Қорытынды комиссия отырысында шығарылып, хаттамамен рәсімделеді. Ресми нәтижелер дауыс беру күнінен бастап жеті күн ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
Жаңа Конституция қабылданған жағдайда, қолданыстағы заңдар мен нормативтік актілер негізгі заңға қайшы келмейтін бөлігінде өз күшін сақтайды. Үкімет пен мемлекеттік органдар өз құжаттарын жаңа Конституцияға сәйкестендіруі тиіс. Сонымен қатар, Конституциялық кеңес пен Конституциялық соттың шешімдері де жаңа құжатқа қайшы келмесе, қолданысын жалғастыра береді.
