Эй, Сорбон һәм керуен басы…
Ей, Перизат, аңсар жанға
Тағдыр дәйім гүл берер ме?
Жуынатын кәусар бар ма,
Ақ қанатың кірлегенде?
Сені ойласам, ей, Перизат,
Жан-жүрегім қан жылаған…
Бар тілегім, ей, Перизат,
Қайда жүрсең, сен жүр аман…
У берсең де шөлдегенде,
Бас тартпаймын сен дегенде…
Бұл ән бүгінде тәбәріктей таныс, танымал.
Өлеңі Саадиден кем емес, Ширазға бармаса да, Париж көрген. Түркістанға талай-талай тәу еткен – Ұлықбек Есдәулетовтікі. Әні – сол баяғы парсылардың әуені. Орындаған – Айгүл Қосанова, заманымыздың бұлбұлы.
Баяғыда Ғ. Мүсірепов атындағы театрда Шыңғыс Айтматовтың «Қызыл орамалды шынарым» спектаклін қойғанмын. Сонда Әселдің күйеуге кетер сахнасында осы әуенді қостық. Тәжік тілінде…
Қырғыздың «Манасы» – әлемдік әдебиеттегі інжу-маржан екені бәріне мәлім. Алайда оның әйелі Қаныкейдің тәжік екенін біреу білсе, біреу білмес. Бұл – «Семетей» жырындағы Қаныкей мен Семетейдің Әбике мен Кебіштен қашып, Бұхараға кетуі, әкесі Әмір Темірді паналауы суреттелетін тұс…
Қарасаң, көз жетпейтін құмды шағыл… Бір төбемен бір төбе қол ұстасып кетіп барады. Жер дүниенің бәрі-бәрі құмнан ғана жаралғандай. Анда-санда көрінетін жыңғыл, қараған, жүзгін ғана мына дүниеде басқа өмірдің белгісіндей. Бір етектен бір етекке ұшып-қонған ебелек мына құмның күзетшісі секілді.
Бұл – ұйықтап кеткен Мамырстан, Құмстан…
Ей, керуенбасы, керуенші, бір сәтке сен тоқтай тұршы, аялда…
Жаралы жан ем, жалғыз қалған жаһанда. Ғашығымды қайда әкетіп барасың? Жүрегімнің жартысын алып кетпе, түйеші…
Бұл – Саади Ширази.
Парсы еліне ғана емес, күллі Шығысқа мәшһүр, әлем мойындаған ғұлама. 1184 жылы дүниеге келіп, 108 жыл ғұмыр кешкен. Қожа Ахмет Ясауи сынды тұлғаның жолын қуған ұстаз. Суфизм – исламдағы Алланы тану, табу, жүрекпен сүю жолы. Нәпсіден ада болу… Саади – осы жолды таңдаған ойшыл, бекзат ақын…
Маң-маң басқан түйелердің көші бұл…
Батар күн алдындағы қызыл арайда түйе легі маңып барады. Аузындағы ақ көбігі езуінен езіліп, еріншек атан аяғын әзер басқандай. Әрбір басқан табанынан аппақ тозаң бұрқ етеді…
Әй, түйеші, бермен қара… Мына тылсым дүниенің тар есігін тыр жалаңаш ашқанда, Алла берген ақ сәуле нұрын бір сәт шашқанда, ақ қанатты қауырсындай періште боп келіп ем… Ержетіп ем алаңсыз…
Шырт ояндым, бой түзедім, ой түзедім… Қиғаш қасты ару көрдім… Мәжнүн құсап ғашық болдым… Ол да маған іңкәр болды, байқамай…
Ей, түйеші, керуенбасы, тоқтағын!
Періштемді тастап кетші…
Қайда әкетіп барасың?
Тоқта, тоқта, ей, түйеші,
Қалдырып кет аруды!
Қуып жетіп түсірер ем,
Аяқ-қолым байлаулы…
Үсті-басым қан жоса…
Перизаттың тым болмаса көлеңкесін көрейін…
Бұл әуен үлкен диапазонға құрылған. Әннің әр сазында музыкалық монолог, эпикалық күш жатыр. Төменгі октавадан басталған әуен қайырмасында шың басынан құлаған бұлақтай, немесе аспанда шырылдаған бозторғайдай ең биік нотаға самғайды.
Сондықтан да бұл шығарманы Айгүлдің айтуы – заңдылық. Сонау көктен, тұңғиықтан қара түнек басқанда ине болып түсер сәуле қандай ғажап, қандай құдірет!
Айгүл салған ән осындай…
Тұла бойыңнан ток өткендей, өзегіңді өкінішке бөлейді.
Әнші әнді өзгеше өрнектеген… Сөзбен емес, сазбен салған көрініс. Түпнұсқадан көш ілгері, ажарлы. Айгүлдің үні нұр шашқандай… Қос ғашықтың қос басында от жағып, бір-біріне қарағаны, жымиғаны, күлгені қандай ғана жарасымды!
Олар үнсіз…
Бәрін-бәрін іңкәр көзбен ұғысқан. Міне, нағыз мелодия, мінсіз әуез – табиғаттың өзіндей.
Айгүл осы үнсіз сәтті меңзейді. Музыканың ең биік шыңы – үнсіздік екенін ұқтырғандай…
Қазақта ақын аз емес. Дей тұрғанмен, Ұлықбектің әр сөзінде үлкен сағыныш, күйік жатыр. Ол – махаббат күйігі. Жан-жүрегі отқа оранған оғланның ах ұруы – тура Саадидің «Эй, Сорбоны» секілді.
Режиссердің ең үлкен құралы – интуиция. «Базарда мың кісі бар, сүйгеніңе сәлем бересің» демекші, Ұлықбек пен Айгүлді тапқаныма бүгінде мақтанам.
Бұл ән «Менің күнәлі періштем» фильміне арнайы жазылды. Саз өмірге осылай келді. Бүгінде бұл шығарма қазақ елін шарлап кетті. Ұясынан ұшқан мұзбалақтай қанаты қатайып, көк жүзінде алысқа самғады. Ол аспан – қазақ елінің мәдениеті мен руханияты. Қазақ салған бұл әуен талай жастың жүрегіне жылу беріп, жанынан орын алса – біздің еңбегіміздің еш кетпегені. Оған ризамыз. Бұл – рас.
Талғат Теменов
Қазақстанның халық артисі, кинорежиссер
