«Шын-Ар» ақпараттық порталы
ӘлеуметБасты ақпарат

Фермерлер сиыр етінің бағасын келісіне 10-12 мың теңгеден сатуды ұсынды

Фермерлер сиыр етінің бағасын 1 келісі үшін 10–12 мың теңге деңгейінде белгілеуді ұсынып отыр. Мал өсіруші Жәнібек Кенжебаевтің айтуынша, сиыр еті 10–12 мың теңгеден, ал қой еті кемінде 7 500 теңгеден сатылуы тиіс. Оның сөзінше, бұл – негізсіз қойылған баға емес, екі жыл бойы бұзауды бағып, бордақылап, қыстан аман алып шыққан еңбектің өтеуі. Дегенмен, ет бағасы тым қымбаттаса, халықтың қалтасы көтермейтінін фермерлер де түсінеді.

Мал шаруашылығы қауымдастығының төрағасы Жәнібек Кенжебаев мал өсірушілердің шығыны жыл сайын артып келе жатқанын айтады. Жем-шөп, жанар-жағармай, электр энергиясы мен логистика қымбаттаған. Бұған қоса, білікті малшы табу да қиын: тәжірибелі бақташы айына кемінде 500 мың теңге еңбекақы сұрайды. Сарапшының пікірінше, арзан ет – өндіруші үшін тиімсіз. Баға төмен болған сайын тұтынушы ұтуы мүмкін, алайда оның салдары өндіріс көлеміне кері әсер етуі ықтимал.

Кенжебаев сиыр етінің бағасы кемінде 10–12 мың теңге болуы керек екенін атап өтті. Сонымен қатар, балама ретінде қой және жылқы еті бар екенін айтты. Оның пікірінше, жылқы еті айтарлықтай қымбаттаған жоқ, сондықтан оның бағасы кем дегенде 15 пайызға жоғары болуы тиіс. Ал қой еті шамамен 7,5 мың теңге деңгейінде болғаны жөн.

Ал тұрғындар ет бағасының өсуіне алаңдаулы. Олар фермерлердің еңбегін түсінгенімен, қымбатшылықтың халыққа ауыр тиетінін айтады. Кейбірі бағаның шарықтауына қарсы болса, енді бірі шаруалардың жағдайын да ескеруді қажет деп санайды.

Қазақстан фермерлер қауымдастығының өкілдері де әріптестерін қолдайды. “Қазақстан фермерлер қауымдастығы” басқарма төрағасының орынбасары Ермек Әбуовтің айтуынша, сиыр етінің өзіндік құны кемінде 4 500–5 000 теңге болуы керек. Сонымен бірге, бағаны тұрақтандыру үшін делдалдарды азайту маңызды екенін жеткізді.

Салада белгілі бір өзгерістер бар. Мемлекет субсидиялау көлемін қысқартып, жеңілдетілген несие тетіктеріне көшіп жатыр. Өткен жылы шамамен 2 миллионға жуық жалған мал тіркелгені анықталғаны да бұл шешімге әсер еткен.

Ұқсас жаңалықтар

Жетісуда 4 жасар баласын аяусыз ұрған әйелді сот психикалық ауытқуы бар деп таныды

«Өтірік құрылтайшылар мен жалған қолтаңба»: Сот Перизат Қайрат құрған қорды таратты

Алматы әкімі су тарифіне байланысты пікір білдірді

Redaktor Shyn-Ar