Ормуз бұғазы маңындағы танкерлерге жасалған шабуылдардан кейін әлемдік мұнай нарығында баға күрт өсті. Нарық 28 ақпаннан басталған АҚШ пен Израиль-дің Иранға қарсы әскери операциясы және Иран тарапынан жасалған жауап соққылары туралы хабарларға реакция білдірді.
ICE Futures биржасында мамыр айына арналған Brent мұнай фьючерстерінің бағасы 13,04 пайызға өсіп, барреліне 82,37 долларды құрады (Астана уақыты бойынша 2 наурыз, таңғы 04:00). Бұл соңғы бір жылдан астам уақыттағы ең жоғары көрсеткіш – бұған дейін мұнай бағасы 82 доллардан жоғары деңгейде 2025 жылғы 16 қаңтарда тіркелген.
Кейін баға өсімі баяулап, 8,93 пайыз деңгейінде тұрақтады, мұнай барреліне шамамен 79,38 доллардан сатылды. Демалыс күндері ICE биржасында Brent мұнайымен сауда жүргізілмегендіктен, нарық Ормуз бұғазындағы жағдайды тек жұмыс күні басталғанда ескерді.
Қазіргі кезде бұғаз ресми түрде жабылған жоқ, бірақ үш танкер шабуылға ұшырады. Сақтандыру компаниялары тәуекелге байланысты полистер беруді уақытша тоқтатты, ал ірі мұнай компаниялары мен трейдерлер мұнай, жанармай және сұйытылған табиғи газ (СТГ) тасымалын уақытша шектеді. Сарапшылардың болжамынша, Ормуз бұғазы толық жабылған жағдайда мұнай бағасы барреліне 100 доллардан асуы мүмкін.
