Жұмыс берушілер қызметкерлерге скринингтен өту үшін уақыт беруге міндеттеледі. Бұл норма Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған еңбек заңнамасын жетілдіруге бағытталған жаңа заңда қарастырылған.
Құжатқа сәйкес, қызметкерлер скринингтік тексеруден өту үшін жалақысы мен жұмыс орны сақталған күйде жұмыстан босатылады. Медициналық ұйымдар цифрлық жүйелер арқылы жұмыс берушілерге қызметкерлердің тексеруден өту қажеттілігі туралы хабарлама жібереді. Осы негізде жұмыс беруші қызметкерге медициналық тексеруден өтуге мүмкіндік беруі тиіс.
Заңда сондай-ақ қызметкерлердің еңбек саласындағы жеке өміріне қол сұқпаушылық, ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу құқығы нақты бекітілді.
Бұдан бөлек, әлеуметтік әріптестік тетіктері жетілдірілді. Өңірлік деңгейде еңбек қатынастары тараптарының өзара іс-қимылы күшейтіліп, келісімдердің орындалуы жөніндегі есептерді тұрақты түрде тыңдау міндеті енгізілді.
Жаңа заң еңбек қауіпсіздігі талаптарын да күшейтеді. Атап айтқанда, кәсіпорындардағы ішкі бақылау жүйесі аясында еңбек қауіпсіздігі жөніндегі техникалық инспекторлардың өкілеттіктері кеңейтіледі.
