Украина президенті Владимир Зеленский Ресей президенті Владимир Путинмен соғысты тоқтату мақсатында тікелей келіссөздер жүргізуге дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы ол 3 маусымда НАТО Бас хатшысы Марк Рюттемен өткен бірлескен баспасөз мәслихатында айтты.
Зеленскийдің сөзінше, Украина келіссөз үдерісіне қатысты АҚШ-пен тұрақты байланыста. Алайда ол америкалық тараптың назарында қазіргі таңда Украина мәселесінен гөрі Иранға қатысты жағдайдың басым екенін атап өтті.
Сонымен қатар Украина басшысы АҚШ-тың қақтығысты реттеуде маңызды рөл атқара алатынын айтып, Киевтің келіссөздерге АҚШ пен Еуропаның қатысуын қолдайтынын жеткізді.
«Біз кез келген форматтағы келіссөздерді қолдаймыз. Соғысты тоқтату үшін Владимир Путинмен тікелей кездесуге дайынмын. Қақтығыстың аяқталуын ұзақ күтпей, бейбіт шешімге мүмкіндігінше тезірек қол жеткізу қажет», – деді Зеленский.
