«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратӘлеумет

Отбасының цифрлық картасы: 20 млн қазақстандықтың дерегі жинақталған

Жыл басынан бері Отбасының цифрлық картасы арқылы 1,2 мыңнан астам адамға мемлекеттік қызмет көрсетілді.

2026 жылдың басынан бастап Отбасының цифрлық картасын (ОЦК) енгізу нәтижесінде әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік қызметтерді проактивті түрде көрсету үшін 3 828 азаматқа SMS-хабарлама жіберілген. Соның арқасында 1,2 мыңнан астам адам ешқандай өтініш бермей-ақ жәрдемақы немесе әлеуметтік төлем алу мүмкіндігін пайдаланған.

Отбасының цифрлық картасы мемлекеттік органдардың барлық ақпараттық жүйелеріндегі деректер негізінде қалыптастырылады. Қазір жүйеде Қазақстанның 20 миллион азаматы немесе 6,2 миллионнан астам отбасы туралы мәлімет жинақталған.

Жүйенің негізгі мақсаты – азаматтардың мемлекеттік қолдау шараларына тең қолжетімділігін қамтамасыз ету. Осыған байланысты Әлеуметтік кодексте Отбасының цифрлық картасы әлеуметтік саясаттың орта және ұзақ мерзімді міндеттерін айқындайтын құрал ретінде бекітілген. Сонымен қатар ол азаматтардың әлеуметтік мәртебесіне қарай қандай мемлекеттік қолдауға құқылы екенін көрсететін күнделікті «электрондық хабарлама» қызметін атқарады.

Қазіргі уақытта ОЦК арқылы өтініш бермей-ақ 11 түрлі жәрдемақы мен әлеуметтік төлемді рәсімдеуге болады. Олардың қатарында еңбекке қабілеттілігінен айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем, жұмысынан айырылған азаматтарға арналған төлем, асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға берілетін жәрдемақы, мүгедектік бойынша төлем, көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақы, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлеріне төленетін жәрдемақылар, атаулы әлеуметтік көмек және жерлеуге арналған біржолғы төлем бар.

Сонымен қатар жүйе арқылы зейнетақы төлемдерін алу мүмкіндігі, «қандас» мәртебесін беру немесе ұзарту мерзімі, сондай-ақ жұмыссыз азаматтарға арналған жұмыспен қамту шаралары туралы автоматты хабарламалар жіберіледі.

Мемлекеттік қолдау алуға құқық анықталған жағдайда әлеуетті алушыға 1414 бірыңғай байланыс орталығынан SMS-хабарлама келеді. Азамат келісімін растағаннан кейін жәрдемақы немесе төлем автоматты түрде рәсімделіп, қаражат оның банк шотына аударылады.

Алаяқтықтың алдын алу мақсатында азаматтарға тек 1414 нөмірінен келген SMS-хабарламаларға ғана жауап беру ұсынылады. Қосымша ақпарат алу үшін 1414 бірыңғай байланыс орталығына тегін хабарласуға болады.

Ұқсас жаңалықтар

Көлсай маңындағы зиратты қиратқан жігіт қамауға алынды

Redaktor Shyn-Ar

Қазақстандықтар үшін жұмыс күндері жедел жәрдем шақыру шектеледі: Жаңа ережелер

Redaktor Shyn-Ar

1 шілдеден бастап самокатқа міну қиындайды