Үкімет отырысында Отбасы банк басқарма төрайымы Ляззат Ибрагимова Қазақстандағы тұрғын үй бағасының болашағына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, алдағы жылдары тұрғын үйге деген сұраныс азаймайды, сондықтан бағаның төмендеуі екіталай.
Ибрагимованың сөзінше, 2026 жылы тұрғын үй нарығына 2000 жылдары дүниеге келген жастар белсенді түрде кіре бастайды. Мысалы, 2000 жылы Қазақстанда 222 мың бала туған болса, 2007 жылға қарай бұл көрсеткіш 321 900-ге дейін өскен. Осылайша бірнеше жыл ішінде туу көрсеткіші жыл сайын шамамен 15–20 мыңға артып отырған.
Қазіргі уақытта сол буынның өкілдері 26–27 жасқа жетіп, баспана алуға ниет білдіретін негізгі топқа айналып отыр. Сондықтан олардың нарыққа келуі тұрғын үйге деген сұранысты күшейтеді.
Сондай-ақ банк басшысы өткен жылы елде 20,5 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгенін айтты. Бұл шамамен 150 мыңнан астам пәтерді құрайды. Салынған баспаналар түрлі мемлекеттік бағдарламалар мен екінші деңгейлі банктер арқылы белсенді сатылып жатыр.
Оның айтуынша, демографиялық өсім некеге тұру статистикасынан да байқалады. Қазақстанда жыл сайын шамамен 120–130 мың неке тіркеледі. Өткен жылы бұл көрсеткіш 114 мың болып, соңғы жылдардағы ең төмен деңгейге жеткен. Дегенмен жаңа отбасы құрған жұптардың көпшілігі ең алдымен баспана мәселесін шешуге ұмтылады.
Ибрагимова 2000–2009 жылдар аралығындағы туу көрсеткішінің жоғары болуы, яғни бейби-бум кезеңі, 2026–2027 жылдары тұрғын үй нарығындағы сұранысқа айтарлықтай әсер ететінін айтты.
Оның пікірінше, тұрғын үй бағасына әртүрлі фактор ықпал етуі мүмкін. Мысалы, екінші нарықта белгілі бір тоқырау байқалуы ықтимал. Ал бастапқы нарықтағы баға құрылыс материалдарының құнына, шикізат бағасына және жұмысшылардың жалақысына тәуелді болады. Соған қарамастан демографиялық жағдайды ескерсек, тұрғын үй бағасының төмендеуі әзірге күтілмейді.
