«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратҚоғам

Вьетнамда жоғалған қазақстандық қыз тірі табылды

Вьетнамда бірнеше күн бойы хабар-ошарсыз кеткен 26 жастағы қазақстандық Әсем Әубәкірдің аман-есен табылғаны белгілі болды. Қуанышты жаңалықты оның әпкесі Рузана әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

Еске сала кетейік, Әсем 6 наурыз күні Вьетнамның Хошимин қаласында байланысқа шықпай қалған еді. Осыдан кейін оның туыстары әлеуметтік желілер арқылы көмек сұрап, көпшіліктен іздестіруге жәрдем беруді өтінген.

Туыстарының айтуынша, Әсем Ханой қаласына Қазақстан консулының қабылдауына баруды жоспарлаған. Алайда әуежайдан шамамен 20 шақырым қашықтықта келе жатқан кезде ол кенеттен байланыссыз қалып кеткен. Сол сәтте жақындарына қорқып тұрғанын айтып, өзін біреулер бақылап жүргенін жеткізген.

Оқиға белгілі болғаннан кейін Қазақстанның Вьетнамдағы елшілігі қыздың туыстарымен тұрақты байланыс орнатып, Вьетнамның құзырлы органдарымен бірлесіп іздестіру жұмыстарын бастаған. Сонымен қатар, отбасы мүшелері Вьетнамда немесе көрші елдерде жүрген қазақстандықтардан, жергілікті тұрғындардан және туристік қауымдастықтардан көмек сұраған. Ақпарат әсіресе WhatsApp және Telegram желілеріндегі топтар арқылы кеңінен таратылған.

Кеше Әсемнің әпкесі Рузана Instagram парақшасында оның тірі табылғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі уақытта Әсемнің жанында Қазақстан консулы бар. Рузана сіңлісімен видеобайланыс арқылы сөйлесіп, жағдайын өз көзімен көргенін де жазды.

Қазір Әсемнің жағдайы бақылауда. Туыстары мен жақындары оның аман табылғанына қуанып, іздестіру жұмыстарына қолдау білдірген барша азаматтарға алғыс білдіруде. Ал оқиғаның мән-жайы құзырлы органдар тарапынан нақтыланып жатыр.

Әсел Сайлаубекова

Ұқсас жаңалықтар

«Атамұра» – Үздік баспа

Redaktor Shyn-Ar

Павлодарда мемлекеттік рәміздерді жоюға қатысты видеоға ресми түсініктеме берілді

Redaktor Shyn-Ar

Қытай азаматтары Алматыда нәрестелерді заңсыз әкетпек болған