Алдын ала тергеу 28 ақпанда Иранның оңтүстігіндегі «Шаджаре Тайебе» бастауыш мектебінің ғимаратына жасалған соққы АҚШ әскери күштерінің нысананы анықтаудағы қателігінің салдары болуы мүмкін екенін көрсетті. Әскери күштер соққыны Ислам революциясы сақшылар корпусының базасына бағыттаған. Алайда мектеп ғимараты бұрын сол базаның бір бөлігі болған.
Мәліметке сәйкес, АҚШ Орталық қолбасшылығының офицерлері нысан координаттарын анықтау кезінде Пентагонның Барлау басқармасы ұсынған ескірген деректерді пайдаланған.
Мектеп 28 ақпанда АҚШ пен Израиль жүргізген операцияның алғашқы күні зымырандық шабуылға ұшыраған. BBC жүргізген талдау мектеп маңындағы әскери базаға америкалық Tomahawk зымыраны соққы бергенін көрсеткен.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп шабуыл үшін жауапкершілік Иранға тиесілі екенін мәлімдеген болатын.
Ал The New York Times басылымына пікір білдірген ресми тұлғалар бұл қорытындылардың әзірге алдын ала екенін айтты. Сонымен қатар ескірген ақпараттың неге қайта тексерілмегені жөніндегі маңызды сұрақтар әлі де жауапсыз қалып отырғанын атап өтті.
«Балаларға толы мектепке жасалған бұл шабуыл соңғы ондаған жылдағы ең жойқын әскери қателіктердің бірі ретінде тарихқа енуі мүмкін. Иран билігінің мәліметінше, қаза тапқандар саны кемінде 175 адам, олардың басым бөлігі – балалар», – деп жазды басылым.
