«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АймақтарАқпаратСот

Атыраудағы қанды іс бойынша күдікті кінәсін мойындады

Атырауда тұтастай жоғалып кеткен бір отбасының төрт мүшесі кейін өлі күйінде табылған еді. Оларды өлтірді деген күдікпен Индонезияда ұсталған осы отбасының күйеу баласы Сұлтан Сәрсемәлиевтің Индонезиядан Малайзия арқылы Қазақстанға экстрадицияланған видеосы әлеуметтік желілерде тарады. Ал оның жұбайы қазір психикалық денсаулық орталығында жатыр.

Индонезия полициясының ресми Polres Lombok Utara парақшасында жарияланған видеода басты күдікті Сұлтан Сәрсемәлиев пен оның азаматтық некедегі жары Ақбаян Мұқанғалиеваны бір топ полиция қызметкері Индонезия әуежайынан Қазақстанға жөнелтіп жатқаны көрсетілген. Бейнежазбада Мұқанғалиеваның денсаулығы нашар екені байқалады: ол жүре алмай, мүгедектер арбасында отырған.

Ұсталғаннан кейін Сәрсемәлиев кінәсін мойындаған. Кейін жедел-тергеу тобы құрылып, оның көрсетуімен бірқатар тергеу әрекеттері жүргізілді. Алғашында тұтастай жоғалып кетті деп хабарланған отбасының төрт мүшесінің де кейін мәйіттері табылды.

Наурыз Мұқанғалиев пен Мейрамгүл Қарабалинаның денелері күдікті Сұлтан Сәрсемәлиев бұрын жұбайымен бірге тұрған үйдің ауласынан табылған. Алдын ала мәлімет бойынша, тергеу барысында Сәрсемәлиев оларды өлтіргенін мойындап, мәйіттерін Геолог ықшамауданындағы жалға алынған үйдің ауласына көмгенін айтқан.

Бұған дейін, 8 қаңтарда Сәрсемәлиевтің ата-енесінің мәйіттері өз үйлерінің ауласындағы ескі сарайдан табылған еді.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, төрт адамның өліміне күдікті мен отбасы мүшелері арасындағы ұзақ уақытқа созылған тұрмыстық жанжал себеп болған.

«Төрт адамның өліміне ұзақ уақытқа созылған тұрмыстық жанжал себеп болған. Тергеу “екі немесе одан да көп адамды өлтіру” бабы бойынша жүргізіліп жатыр және іс министрліктің бақылауында. Сондай-ақ отбасының кіші қызының бұл қылмысқа қатысы бар-жоғы тексерілуде. Оның психикалық жағдайын анықтау үшін сот-психиатриялық сараптама тағайындалып, медициналық мекемеге жіберілді», – делінген ведомствоның түсіндірмесінде.

Ұқсас жаңалықтар

Халық қолдаса, жаңа Конституция қашан күшіне енеді?

Шерзат ісі: Прокурорлар сотталушыларға 23 жылға дейін жаза беруді сұрады

Redaktor Shyn-Ar

Жаз мезгілінде ауыр жүк көліктеріне жол қозғалысында шектеу қойылады