«Шын-Ар» ақпараттық порталы
Басты ақпаратТіл

Жастар арасында қазақша сөйлеу сәнге айналды — Тоқаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында сөйлеген сөзінде жастар арасында қазақ тілінде сөйлеу сәнге айналғанын атап өтті.

Президент сондай-ақ «жаңа Конституция жобасында орыс тілінің мәртебесі төмендетіліп жатыр» деген пікірлерге қатысты ойын білдірді.

«Бұл туралы жазылған кейбір мақалаларды оқудың өзі қызық. Өйткені олар стилистикалық және грамматикалық қателерге толы. Жарияланым авторлары орыс тілі үшін алаңдайды, бірақ өздері оны дұрыс меңгермеген. Ал жаңа Конституция мәтінінің ресми құжат ретінде қазақ және орыс тілдерінде бірдей заңды күшке ие болып жариялануының өзі көп жайтты аңғартпай ма? Сондықтан бұл мәселеге қатысты қосымша түсініктеме беріп, ақталудың қажеті жоқ», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қазақ тілінің мәртебесі төмендеп жатыр деген пікірлерге де тоқталды.

«Жаңа Конституция жобасында: “Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі — қазақ тілі” деп нақты жазылған. Ана тіліміз тек көркем әдебиетте ғана емес, еліміздің қоғамдық-саяси өмірінің барлық саласында кеңінен қолданылуы тиіс. Ең бастысы, жастар арасында қазақша сөйлеу сәнге айналып келеді. Яғни, қазақ тілінің болашағы жарқын. Кейбіреулер тіл тағдырына алаңдаған кейіп танытып, бұл тақырыпты саяси құрал ретінде пайдаланғысы келеді», — деді Президент.

Президенттің айтуынша, қазақ жастары жаңашылдыққа тез бейімделеді және бірнеше тілді еркін меңгере алады.

«Қазақ жастары қазақ және орыс тілдерімен қатар, үш-төрт тілді еркін игеріп жүр. Мұны біз күнделікті өмірден көріп отырмыз», — деді Мемлекет басшысы.

Ұқсас жаңалықтар

Жазушы Әкім Тарази өмірден өтті

Тоқаев Ресейдің Қазақстандағы елшісін қабылдады

Redaktor Shyn-Ar

Қазақстанда жоғары оқу орындарының грант конкурсына өтініш қабылдау басталды