Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 15 наурыздың Конституция күні болып белгіленетінін және жазда Парламент сайлауы өтетінін мәлімдеді.
Мемлекет басшысы бұл туралы Астанадағы «Қазмедиа» орталығында республикалық референдум аясындағы үгіт-насихат науқанына белсенді қатысқан жастармен кездесуде айтты. Президент бүгінгі күннің тарихи маңызға ие екенін атап өтіп, жастарға алғыс білдірді.
«Шын мәнінде, бұл күн ел өмірінде мәңгі сақталады. Енді 15 наурыз – Конституция күні болып белгіленеді. Бұл – еліміздің басты құжаты. Мен басқа да мемлекеттердің конституцияларымен танысып шықтым. Біздің Конституциямыз ең үздік Ата заңдардың қатарында тұр деп сеніммен айта аламын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, жаңа Конституция, ең алдымен, жастарға бағытталған. Ата заңға волонтерлік қызмет, ғылым, инновация және жасанды интеллект сияқты ұғымдар енгізілген.
«Ауқымды үгіт-насихат науқаны жүргізілді. Алдымызда әлі де жұмыс көп. Енді жазда Парламент сайлауы өтеді. Оны бір ел болып атқаруымыз керек. Бұл жастардың парламенті болуы қажет деп ойлаймын», – деді мемлекет басшысы.
Кездесу барысында «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Ескендірова, креативті индустрия өкілі әрі кәсіпкер Камиль Байрамов, белсенді жастар Ержан Хамитов пен Нұрбол Серікбай сөз сөйледі.
Олардың айтуынша, бір ай ішінде түрлі форматта 5 мыңға жуық кездесу өткізіліп, оған 1,5 миллионнан астам азамат қатысқан. Сондай-ақ жастар елде қолға алынған өзгерістерді қолдайтынын жеткізді.
