Қоғам дамыған сайын ұрпақ та өзгереді. Бүгінгі таңда жиі айтылып жүрген «Альфа ұрпақ» — технологиямен етене өсіп келе жатқан, ақпаратты жылдам қабылдайтын жаңа буын. Олар үшін смартфон, видео, анимация — қалыпты орта. Сондықтан олардың білім алу тәсілі де бұрынғыдан өзгеше.
Қазіргі таңда білім беру жүйесінде визуалды оқытудың маңызы айтарлықтай артты. Себебі жаңа буын ақпаратты мәтіннен гөрі бейне, инфографика, анимация арқылы тезірек әрі жеңіл қабылдайды. Бұл оқушының қызығушылығын арттырып, күрделі тақырыптарды түсінуді жеңілдетеді. Алайда осы тұста маңызды сұрақ туындайды: визуалды оқытуға толықтай сүйенген бала болашақта қандай болады? Ол терең ойлай ала ма, әлде тек жылдам қабылдауға ғана бейімделе ме?
Бұл мәселеге қатысты педагог Гүлназ Шаймерденқызы визуалды оқытудың қазіргі білім беру жүйесіндегі орнын былай түсіндіреді:
«Қазіргі білім беруде визуалды оқыту — негізгі құралдардың бірі. Оқушылар ақпаратты бейне, инфографика арқылы тез қабылдайды. Бірақ ең бастысы — мазмұн мен форманың тепе-теңдігін сақтау. Дәстүрлі тәрбие құндылық ретінде қалуы тиіс, ал заманауи технология – сол құндылықты жеткізудің құралы», – дейді маман.
Оның айтуынша, технология баланың қызығушылығын арттырғанымен, дәстүрлі тәрбие оның тұлғалық негізін қалыптастырады. Яғни, еркіндік пен тәртіптің арасындағы баланс маңызды.
Ал психолог Асель қазіргі балалардың ерекшеліктеріне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, Альфа ұрпақ ақпаратты өте жылдам қабылдағанымен, бұл олардың терең түсіну қабілеті әрдайым жоғары дегенді білдірмейді. Сонымен қатар, олардың зейіні тұрақсыз болуы жиі байқалады.
«Бұл буын ақпаратты тез қабылдайды, бірақ оны ұзақ уақыт бойы терең талдап меңгеруде қиындықтар кездеседі. Сондықтан оларға міндетті түрде визуалды оқыту мен визуалды тәрбие қажет», – дейді маман.
Психологтың айтуынша, қазіргі балалардың тағы бір ерекшелігі – олардың әлеуметтік дағдыларының әлсіреуі. Олар көбіне әлеуметтік желі арқылы қарым-қатынас жасайды, ал шынайы өмірде дос-таныстары аз болуы мүмкін. Бұл өз кезегінде тірі қарым-қатынас мәдениетінің төмендеуіне әсер етеді.
Сонымен қатар, маман балалармен қарым-қатынаста аса сақ болу керектігін атап өтті. Оның пікірінше, авторитарлы, қатаң тәсілдер бұл ұрпаққа тиімді емес. Керісінше, мұндай қысым баланың ішкі әлеуетін тежеп, қабілеттерін ашпай қалдыруы мүмкін. Сондықтан бұл буынмен серіктестікке негізделген, түсіністік пен диалогқа құрылған қарым-қатынас орнату маңызды. Сондықтан мамандар қазіргі ата-аналар мен педагогтарға өз тәсілдерін қайта қарауды ұсынады. Яғни, бұрынғыдай тәрбиелеу бұл буынға сәйкес келмейді. Әр дәуірдің өз баласы бар, ал Альфа ұрпаққа – жаңа көзқарас қажет.
Сонымен қатар, болашақта білім беру жүйесі де өзгеріске ұшырайды. Сарапшылар гибридті оқыту форматының басым болатынын айтады. Яғни, оқушылар теорияны өз бетінше меңгеріп, ал сабақ барысында талдау, пікір алмасу, тәжірибе жасауға көбірек көңіл бөлінеді. Мұғалімнің рөлі де өзгереді – ол енді тек ақпарат беруші емес, бағыт-бағдар беруші тұлғаға айналады.
Қорыта айтқанда, Альфа ұрпаққа тек жаңа немесе тек ескі әдіс жеткіліксіз. Ең тиімді жол – дәстүр мен жаңашылдықты ұштастыру. Технология дамығанымен, адамдық құндылықтар өзгермеуі тиіс. Себебі білімнің мақсаты – тек ақпарат беру емес, саналы, ойлай алатын тұлға қалыптастыру.
Айдана Бахтиярова
