Солтүстік Қазақстан облысында зейнетақы тағайындау кезінде еңбек өтілінен 13 жыл есепке алынбай қалған ер адам сот арқылы өз жұмыс тәжірибесін растады.
Есіл аудандық сотында қаралған іс бойынша өтініш беруші 1983 жылғы 8 маусымнан 1996 жылғы 25 қарашаға дейін Корнеев автокөлік кәсіпорнында жүргізуші болып жұмыс істеген кезеңінің еңбек өтіліне енгізілмегенін мәлімдеген. Уәкілетті орган бұған еңбек кітапшасындағы кәсіпорын мөрінің анық оқылмауы және ұйымның қызметін тоқтатуы себеп болғанын көрсеткен.
Істі қарау барысында кәсіпорынға қатысты мұрағаттық құжаттардың сақталмағаны және оның құқықтық мұрагері туралы мәліметтердің жоқ екені анықталды. Арызданушы өз талабын еңбек кітапшасының көшірмелерімен және сол кезеңде бірге жұмыс істеген куәгерлердің айғақтарымен дәлелдеген.
Сот ұсынылған дәлелдерді зерттей келе, аталған деректі соттан тыс тәртіппен анықтау мүмкін еместігін және оны сот арқылы белгілеуге құқықтық негіз бар екенін анықтады.
Нәтижесінде сот өтінішті қанағаттандырып, азаматтың 1983–1996 жылдар аралығында көрсетілген кәсіпорында еңбек еткенін заңды факт ретінде бекітті. Шешім әлі заңды күшіне енген жоқ.
