Қазақстанның Оқу-ағарту министрлігінде мектептерге жасанды интеллект технологияларын енгізуге жауапты жаңа вице-министр тағайындалды. Үкімет қаулысымен Сергей Компаниец Жұлдыз Сүлейменованың орынбасары қызметіне келді.
Министрлік мәліметінше, жаңа вице-министр білім беру саласын цифрландыру және мектептерде жасанды интеллект мүмкіндіктерін дамыту бағытына жетекшілік етеді. Бұл бағыт соңғы жылдары білім жүйесіндегі басты трендтердің біріне айналып отыр.
39 жастағы Сергей Компаниец Ақмола облысында дүниеге келген. Жоғары білімді Астанада алып, кейін АҚШ-тағы George Washington University университетін тәмамдаған.
Еңбек жолын IT саласы мен мемлекеттік қызметте бастаған. Әр жылдары Шымкент қаласы әкімдігі аппаратында, Shymkent әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясында, Turkistan арнайы экономикалық аймағында және AMANAT партиясының орталық аппаратында түрлі қызметтер атқарған.
Сондай-ақ 2024 жылдың ақпан айынан бері Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасына қарасты «Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы» мекемесі басшысының орынбасары болған.
