«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратМәдениет

Меруерт Өтекешова мен декан арасындағы келіспеушілік ашық дауға айналды

Астанадағы Күләш Байсейітова атындағы қазақ ұлттық өнер университеті маңында туындаған дау әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Даудың ортасында – Қазақстанның халық әртісі Меруерт Өтекешова, шеберхана деканы Ернияз Бірімқұлов, профессор Лейло Бекназар-Ханинга және театр факультетінің студенттері.

Әлеуметтік желіде тараған видеода студенттер екінші семестр басталғалы бері Меруерт Өтекешоваға қатысты «отказной» және «докладной» жазуға мәжбүр болғандарын айтты. Олардың сөзінше, бұл іске декан Ернияз Бірімқұлов араласып, кімге және қалай жазу керектігін түсіндірген.

Студенттер сондай-ақ емтихан кезінде психологиялық қысым көргендерін мәлімдеді. Айтуларынша, профессор Лейло Бекназар-Ханинга мен декан тарапынан айтылған ауыр сын олардың көңіл күйіне әсер етіп, ұстаз бен студент арасындағы сенімге сызат түсірген.

– Біз мұндай әділетсіздікке қарсымыз. Бұл жағдай оқу процесіне де, апайымызбен қарым-қатынасымызға да әсер етті, – дейді студенттер.

Ал Лейло Бекназар-Ханинга жағдайға басқаша қарайды. Оның пікірінше, театр саласында сын айту – кәсіби процестің ажырамас бөлігі.

– Театрда сын әрдайым болады. Менің өзіме де әлі күнге дейін режиссерлер ескерту айтып жатады. Артист сын қабылдай білуі керек. Осындай арызқойлықпен жүрген жастардан мықты өнер адамы шығуы қиын, – деді профессор.

Сондай-ақ ол декан Ернияз Бірімқұловты талантты ұйымдастырушы ретінде сипаттап, студенттердің айыптауларымен келіспейтінін жеткізді. Оның сөзінше, мұндай мәселелерді әлеуметтік желіге шығармай, университеттің ішкі тәртібі аясында шешу қажет.

Өз кезегінде Меруерт Өтекешова деканмен арадағы кәсіби қарым-қатынастың ұзақ уақыттан бері күрделі болғанын жасырмады. Халық әртісінің айтуынша, оқу процесіне қатысты маңызды шешімдер өзімен ақылдаспай қабылданған.

– Егер әріптесің сені тыңдамаса, пікіріңді елемесе, бірге жұмыс істеу қиын. Мен кей жағдайда өзімді бұл ортада жоқ адамдай сезіндім, – деді ол.

Сонымен қатар актриса студенттерге өзімен байланыспау туралы алдын ала ескерту жасалғанын айтып, мұндай әрекет ұстаз бен шәкірт арасындағы байланысты әлсіреткенін жеткізді.

Қазіргі таңда аталған жағдай қоғамда қызу талқыланып жатыр. Әлеуметтік желі қолданушылары екі тараптың да уәжін талқылап, өнер саласындағы білім беру жүйесі мен ұстаз әдебі туралы пікір білдіруде.

Әзірге университет басшылығы бұл мәселеге қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

Ұқсас жаңалықтар

ДАРАБОЗ ТАРИХШЫ КЕҢЕС НҰРПЕЙІС — 90 ЖАСТА

Redaktor Shyn-Ar

Шерзат Полат ісі қайта қаралатын болды

Қызылордалық белсенді Гүлназ Серікбаева 3 жылға бас бостандығынан айырылды

Redaktor Shyn-Ar