«Шын-Ар» ақпараттық порталы
Ақпарат

Алматыда жаңа автобус жолағы дау тудырды: Жүргізушілер кептелістің күшейгенін айтады

Алматыдағы Сайын көшесінде қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақ енгізілгеннен кейін жүргізушілер жолдағы кептелістің күшейгенін айтып, әлеуметтік желілерде шағымдарын жариялай бастады.

Еске салайық, 20 маусымнан бастап Сайын көшесінің Рысқұлов даңғылынан Мұстафин көшесіне дейінгі бөлігінде автобус жолағы пилоттық режимде іске қосылды.

Қала әкімдігінің мәліметінше, жаңа қозғалыс схемасының мақсаты – қоғамдық көліктің қозғалысын жеделдету, көлік ағынын тиімді ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін арттыру. Сондай-ақ бұл шешім автобустардың уақытылы қатынауын қамтамасыз етіп, кептелістің қоғамдық көлік жұмысына әсерін азайтуы тиіс болған.

Алайда жаңашылдық іске қосылғаннан кейін бірқатар жүргізушілер жолдағы жағдайдың қиындағанын алға тартуда. Олардың айтуынша, оң жақтағы бір жолақтың қоғамдық көлікке берілуі қалған жолақтарға түсетін жүктемені арттырып, әсіресе қарбалас уақытта кептелісті күшейткен.

Әлеуметтік желілерде жарияланған пікірлерде жүргізушілер кейбір учаскелерде көлік қозғалысының баяулағанын, ал жолақтардың қысқаруына байланысты көліктердің жиі орын ауыстыруына тура келетінін жазған. Бұл өз кезегінде жолдағы келіспеушіліктердің де көбейгеніне себеп болған.

Кейбір тұрғындар жаңа қозғалыс сызбасы оқу жылы басталғаннан кейін жағдайды одан әрі күрделендіруі мүмкін деп алаңдаушылық білдіруде. Олардың пікірінше, Сайын көшесі мен көпір асты бағыттарында көлік кептелісі бұрынғыдан да ұлғаюы ықтимал.

Таңертеңнен бері әлеуметтік желілерде Сайын көшесінде бірнеше шақырымға созылған кептелістер түсірілген видеолар кеңінен таралып жатыр. Жүргізушілердің айтуынша, автобус жолағы енгізілгеннен кейін кейбір бөліктерде қозғалыс айтарлықтай баяулаған.

Әзірге Алматы әкімдігі жүргізушілердің шағымдарына қатысты ресми түсініктеме берген жоқ. Пилоттық жоба нәтижесіне қарай жаңа қозғалыс схемасына өзгерістер енгізілуі мүмкін.

Ұқсас жаңалықтар

Жетісайдағы өрт: Тоқаев қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, тергеу жүргізуді тапсырды

«Шариғатқа қайшы»: ҚМДБ чайлдфри ұстанымына қатысты пәтуа жариялады

Қазақстанда наурыз айында тағы бір мереке пайда болмақ