«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратСаясат

«Ең жоғары лауазымды тұлға»: жаңа Конституцияда Қазақстан Президенті туралы не айтылған

Қазақстанның жаңа Конституциясында Мемлекет басшысы — Президенттің мәртебесі, сайлану тәртібі мен өкілеттіктері нақты айқындалған. Президентке қатысты нормалар Конституцияның үшінші бөлімінде, 42–48-баптарда қамтылған.

Президенттің мәртебесі (42-бап)

Қазақстан Республикасының Президенті — мемлекет басшысы және елдің ең жоғары лауазымды тұлғасы. Ол мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайды, Қазақстан атынан ел ішінде және халықаралық қатынастарда өкілдік етеді.

Президент халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі болып табылады. Сондай-ақ мемлекеттік билік тармақтарының үйлесімді жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.

Президентті сайлау тәртібі (43-бап)

Президентті Қазақстан Республикасының кәмелетке толған азаматтары жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жеті жыл мерзімге сайлайды. Бір адам президент болып бір реттен артық сайлана алмайды.

Президенттікке кандидат мына талаптарға сай болуы тиіс:

  • тумысынан Қазақстан Республикасының азаматы болуы;

  • 40 жасқа толуы;

  • мемлекеттік тілді жетік меңгеруі;

  • Қазақстанда соңғы 15 жыл тұрақты тұруы;

  • жоғары білімі және кемінде 5 жыл мемлекеттік қызмет немесе сайланбалы лауазым тәжірибесі болуы.

Қызметіне кірісу тәртібі (44-бап)

Президент халыққа ант берген сәттен бастап қызметіне кіріседі. Ант беру рәсімі сайлау нәтижесі жарияланған күннен бастап бір ай ішінде өтеді. Президент өкілеттігі жаңа сайланған Президент қызметіне кіріскен сәттен бастап немесе өз еркімен кетуіне, денсаулығына байланысты, қызметтен босатылуына не қайтыс болуына байланысты тоқтатылады.

Қызметінен кетірілгендерді қоспағанда, бұрынғы президенттердің барлығына экс-президент мәртебесі беріледі.

Шектеулер мен талаптар (45-бап)

Президент:

  • депутат бола алмайды;

  • өзге ақы төленетін қызметпен және кәсіпкерлікпен айналыса алмайды;

  • өкілеттігі кезеңінде саяси партия мүшесі бола алмайды.

Президенттің жақын туыстары мемлекеттік саяси лауазымдарда және квазимемлекеттік сектордың басшылық қызметтерінде жұмыс істей алмайды.

Президенттің негізгі өкілеттіктері (46-бап)

Президент:

  • Қазақстан халқына жыл сайын Жолдау жасайды;

  • Премьер-министрді, Үкімет мүшелерін, Конституциялық сот, Жоғарғы сот, Ұлттық банк, Бас прокуратура, ҰҚК және өзге де маңызды органдардың басшыларын тағайындайды;

  • Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы болып табылады;

  • референдум өткізу туралы шешім қабылдайды;

  • халықаралық шарттарға қол қояды;

  • төтенше немесе әскери жағдай енгізу туралы шешім қабылдай алады;

  • азаматтық, саяси баспана, кешірім беру мәселелерін шешеді.

Президент актілері (47-бап)

Президент Конституция мен заңдарды орындау үшін бүкіл ел аумағында міндетті күші бар жарлықтар мен өкімдер шығарады.

Президенттің қолсұғылмаушылығы (48-бап)

Президенттің ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғуға болмайды. Мемлекетке опасыздық жасауды қоспағанда, Президент өз өкілеттігін атқару кезінде қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды.

Президент пен оның отбасы мемлекет есебінен қорғалады. Бұл кепілдіктер экс-президенттерге де қолданылады.

Ұқсас жаңалықтар

Касым-Жомарт Токаев дал поручения новому акиму области Улытау

Дамир Оразбаев

«ТАЙТАЛАС ТАҒДЫР» КІТАБЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Тоқаев: Қазақстан жаһандық қиындықтарға қарсы тұра білді

Redaktor Shyn-Ar