Қазақстанда жанар-жағармай қоры жеткілікті, сондықтан ішкі нарықта тапшылық қаупі жоқ. Бұл туралы Үкіметте өткен брифингте Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, шекара маңындағы өңірлер арқылы жанармайдың заңсыз сыртқа шығарылуын болдырмау мақсатында ел аумағына көлікпен кіруге қатысты қолданыстағы шектеу сақталған.
– Қазіргі уақытта еліміздің аумағына бір реттен артық кіруге тыйым салатын бұйрық күшінде. Бұл талап барлық шекара маңындағы өңірлерге қатысты, – деді вице-министр.
Сондай-ақ министрлік Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарындағы жағдай Қазақстандағы мұнай өңдеу кәсіпорындарының жұмысына әсер етпейтінін атап өтті.
Қайырхан Тұтқышбаевтың сөзінше, елде қажетті жанар-жағармай қоры алдын ала қалыптастырылған.
– Қазіргі таңда қажетті қор жеткілікті. Халық үшін жанармай тапшылығы болмайды, – деді ол.
Еске салайық, 4 шілдеде Премьер-министр Олжас Бектенов жанар-жағармай нарығындағы ахуалға арналған кеңес өткізген болатын.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің мәліметінше, жыл басынан бері автомобиль өткізу бекеттерінде жалпы көлемі 40 мың литрден асатын мұнай өнімдерін заңсыз алып шығудың 593 әрекеті анықталып, жолы кесілген.
Жол картасы аясында шекарадағы бақылау күшейтіліп, тексеру жұмыстарын жедел жүргізу үшін қосымша қызметкерлер тартылған.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, мобильді топтар тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Тәуекелдерді басқару жүйесі аясында шекара маңындағы жолдарда автоцистерналар мен жанармай тасымалдайтын көліктерге тұрақты тексеру жүргізілуде.
Соңғы екі тәуліктің өзінде өткізу бекеттерінде қосымша бактар мен канистрлерге құйылған 3 тоннадан астам жанар-жағармайды заңсыз алып шығудың 61 әрекеті тоқтатылған.
Сонымен қатар жанармай тасымалдауға арналған 18 арнайы көлік тексеріліп, олардың біреуіндегі 34 тонна мұнай өнімінен сараптама үшін сынамалар алынған.
Қазіргі уақытта Мемлекеттік кірістер органдары қызмет көлемі қалыптан тыс өскені анықталған 62 жанармай құю стансасы мен 22 шағын мұнай өңдеу зауытының қызметіне талдау жүргізіп жатыр. Аталған нысандарға қатысты тиісті тексерулер ұйымдастырылмақ.
