«Шын-Ар» ақпараттық порталы
Басты ақпаратСаясат

Кәрім Мәсімов АҚШ-та жүр ме? ІІМ ақпаратқа жауап берді

Әлеуметтік желілерде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы, экс-премьер-министр Кәрім Мәсімовтің АҚШ-та отбасымен бірге тұрып жатқаны туралы ақпарат тараған болатын. Осыған байланысты Ulysmedia.kz редакциясы оның қазіргі уақытта жазасын өтеп жатқан-өтпегенін анықтау үшін Ішкі істер министрлігіне сауал жолдаған.

Бұл ақпаратты алғашқылардың бірі болып қазақстандық суретші Қанат Ибрагимов таратқан. Оның сөзінше, АҚШ-тағы қазақ диаспорасы өкілдерінен Мәсімовтің Хьюстон қаласында жүргені туралы мәлімет түскен. Алайда суретші ақпараттың нақты дәлелі жоқ екенін және оны үшінші тараптан естігенін атап өткен.

Кәрім Мәсімов 2023 жылы мемлекеттік опасыздық, билікті күшпен басып алуға әрекет жасау және өзге де қылмыстар бойынша кінәлі деп танылып, 18 жылға бас бостандығынан айырылған.

Редакция сауалына Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті мекемелерінде сотталғандарды тәулік бойы бақылауға мүмкіндік беретін бейнебақылау жүйесі жұмыс істейтінін хабарлады. Сонымен қатар колонияларға прокуратура өкілдері мен қоғамдық ұйымдар тұрақты түрде барып, ондағы жағдайды бақылап отыратыны айтылды.

«Сотталғандардың белгіленген тәртіпті сақтауына және қауіпсіздік талаптарының орындалуына тұрақты бақылау жүргізіледі», – деді ҚАЖК өкілі Нияз Рыспаев.

Дегенмен ІІМ Мәсімовтің нақты қай мекемеде жазасын өтеп жатқанын және оның сол жерде отырғанын растайтын фото немесе бейнематериалдарды жариялаудан бас тартты. Ведомство мұндай ақпарат сотталған адамның жеке ісіне қатысты құпия мәлімет болып саналатынын және заңмен қорғалатынын түсіндірді.

Осылайша, «Мәсімов АҚШ-та жүр» деген әлеуметтік желідегі ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ. Сонымен бірге оның Қазақстандағы колонияда жазасын өтеп жатқанын дәлелдейтін нақты фото немесе видео да көпшілікке ұсынылмады.

ҚАЖК мәліметінше, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі жағдай бейнебақылау жүйелері және уәкілетті органдардың тұрақты тексеруі арқылы бақыланады. Ал сотталған адамның нақты орналасқан жері туралы ақпаратты жариялау заң талаптарымен шектеледі.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстандықтар АИ-92 бензині мен автогаз қымбаттауына шағым түсіре алатын жедел желі ашылды

Қазақстанда декретке шыққан әкелердің бала күтіміне кеткен жылдары еңбек өтіліне қосылады

МӘМС 30 млн теңгеден астам қаражатты желге ұшырған

Redaktor Shyn-Ar