«Шын-Ар» ақпараттық порталы
Ақпарат

«Бұл баланың да, отбасының да мәселесі емес»: Саясат Нұрбек Алматыдағы жатақхана тапшылығы қашан шешілетінін айтты

Қазақстандағы студенттік жатақхана тапшылығы бірнеше жыл ішінде айтарлықтай азайған. Ғылым және жоғары білім министрінің міндетін атқарушы Саясат Нұрбектің айтуынша, қазір мәселе негізінен Алматыда сақталып отыр.

Нұрбек жатақхана тапшылығының ондаған жыл бойы қордалануына 1990-жылдардағы жекешелендіру науқанының да әсер еткенін айтты. Сол кезеңде бірқатар университеттердің жатақханалары мен инфрақұрылым нысандары жеке меншікке өткен. Мысалы, Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде бұрын тоғыз жатақхана болса, кейін олардың үшеуі ғана қалған.

2018–2019 жылдары Қазақстанда студенттер үшін шамамен 82,5 мың орын жетіспеген. Қазір тапшылық 5 мыңнан сәл асады және негізінен Алматыда қалып отыр.

«Барлық өңір бойынша мәселені жаптық. Қазір бар күшімізді Алматыға жұмсап жатырмыз», – деді Саясат Нұрбек.

Оның болжамынша, Алматыдағы жатақхана тапшылығы алдағы екі-үш жылда толық шешілуі мүмкін. Министрдің міндетін атқарушы Алматыға жастардың тек білім алу үшін емес, жұмыс істеу және еңбек нарығындағы мүмкіндіктерді пайдалану үшін де келетінін атап өтті.

Қазір Алматыда бірнеше ірі жатақхананың құрылысы жүріп жатыр. Satbayev University студенттеріне арналған нысанда шамамен 2 мың орын, ал ҚазБСҚА студенттеріне арналған жатақханада 4 мыңға жуық орын қарастырылған.

Сонымен қатар министрлік ескі қонақүйлер мен пайдаланылуы тиімсіз бизнес-орталықтарды студенттік жатақханаға бейімдеу мүмкіндігін қарастырып отыр. Нұрбектің айтуынша, мұндай тәсіл жаңа ғимарат салуға қарағанда уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді.

«Жатақхана салу – жер телімі, үш-төрт жыл уақыт және қомақты қаражат. Ал қолданыстағы нысандарды бір жыл ішінде бейімдеуге болады», – деді ол.

Саясат Нұрбек жоғары оқу орындары студенттерді жатақханамен қамтамасыз етуге міндетті екенін айтты. Егер университет қажетті орындардың бар екенін құжатпен растай алмаса, лицензиядан айыруға дейінгі шаралар қолданылуы мүмкін.

«Оқуға түскен студент неліктен қайда тұратынын ойлауы керек? Бұл баланың мәселесі емес, бұл отбасының мәселесі емес», – деді Нұрбек.

Биыл Қазақстандағы студенттер саны шамамен 740 мыңға жетеді. Төрт жылдан астам уақыт бұрын бұл көрсеткіш 620 мың шамасында болған. Нұрбектің айтуынша, демографиялық өсімге байланысты 2030 жылға қарай студенттер саны 1 миллионға жуықтауы мүмкін.

Министрдің міндетін атқарушы жоғары білім саласының қазіргі қаржыландырылуы жеткіліксіз екенін де атап өтті. Оның айтуынша, мемлекет бұл салаға жыл сайын шамамен 400 млрд теңге бөледі. Қосымша қаржы көздерінің бірі ретінде шетелдік студенттерді тарту қарастырылып отыр.

Саясат Нұрбек Қазақстандағы жоғары оқу орындарының бірыңғай ұлттық рейтингі 2026 жылдың соңына дейін іске қосылатынын да хабарлады. Университеттер білім сапасы, инфрақұрылым, ғылыми зерттеулер, түлектердің жұмысқа орналасуы сияқты 15 көрсеткіш бойынша бағаланады.

Рейтинг жыл сайын жарияланып, талапкерлер мен ата-аналарға университет таңдауда бағдар болуы тиіс. Жүйені алғашқы жылдары жетілдіру жоспарланған. Ал 2027 жылы оқуға түсетін талапкерлер жоғары оқу орындарын жаңа рейтинг негізінде салыстыра алады.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстанда жаңа мәдениет және өнер марапаттары енгізіледі

Ауғанстанда ата-аналар балаларын сатуға мәжбүр

Атыраулықтардың денсаулығы сыр беріп жатыр: Мұнай өңдеу зауыты түсініктеме берді