Қазақстан құрамасы Қырғызстанда 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жалпыкомандалық есепте бірінші орын иеленді.
Байрақты бәсеке қорытындысы бойынша қазақстандық спортшылар 74 медаль жеңіп алды. Оның 32-сі – алтын, 20-сы – күміс, 22-сі – қола.
Медаль саны жөнінен Қазақстаннан кейін Қырғызстан құрамасы орналасты. Қырғызстан спортшылары 30 алтын медаль еншілеп, екінші орынға тұрақтады. Ал жеті алтын жүлде иеленген Ресей құрамасы үздік үштікті түйіндеді.
Қазақстандық спортшылар ұлттық спорттың бірнеше түрінен жоғары нәтиже көрсетті. Олар аударыспақ, жамбы ату, қазақ күресі, алыш, армрестлинг, арқан тартыс, тоғызқұмалақ, мангала, дәстүрлі садақ ату, ат жарысы және басқа да жарыстарда жеңімпаз атанып, жүлдегерлер қатарынан көрінді.
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына әлемнің 113 елінен 3 мыңға жуық спортшы қатысты. Халықаралық дода ұлттық спорт түрлерін дәріптеп, елдер арасындағы спорттық және мәдени байланысты нығайтуға мүмкіндік берді.
