«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратБілім

«2» алған оқушы келесі сыныпқа көшпеуі мүмкін: Қазақстанда бағалау талаптары күшейтіледі

Қазақстанда оқушылардың білімін бағалау тәртібі қатаңдауы мүмкін. Оқу-ағарту министрлігі мектеп оқушыларының оқу үлгеріміне қойылатын талаптарды күшейтуді көздеп отыр.

Жаңа тәртіпке сәйкес, 1-сынып оқушыларына баға қойылмайды. Ал 2-4 сыныптарда 10 балдық бағалау жүйесі сақталады.

5-11 сынып оқушыларының оқу үлгеріміне қатысты талап та өзгереді. Егер оқушы бір немесе екі пәннен жылдық қорытынды бойынша «2» деген баға алса, жазғы кезеңде қайта жиынтық бағалаудан өтуі тиіс. Егер оқушы бұл сынақтан қажетті нәтиже көрсете алмаса, жаңа оқу жылы басталғанға дейін тағы бір мүмкіндік беріледі.

Қайта бағалаудың нәтижесі де талапқа сай болмаса, оқушыны сол сыныпта қайта оқыту мәселесі қаралуы мүмкін.

Министрліктің бұл бастамасына қатысты ата-аналардың пікірі әртүрлі. Кейбір ата-аналар мұндай талап оқушының білім алуға деген жауапкершілігін арттырады деп есептейді.

«Жалпы, керек деп ойлаймын. Бала оқиды, намыстанады. Егер келесі жылға қалу қаупін білсе, жақсы оқуға тырысады. Ата-ана да баласының оқуына көбірек көңіл бөледі. Қазір кейде оқушы қалай болғанда да келесі сыныпқа өтетінін біліп, сабаққа жеткілікті мән бермейді», – дейді ата-аналардың бірі.

Тұрғындардың пікірінше, қазіргі таңда мектептерде үлгерімі төмен оқушыларға қосымша қолдау көрсетуге мүмкіндік бар. Мұғалімдер мен ата-аналар баланың біліміндегі олқылықтарды толықтыру үшін қосымша сабақ, жеке дайындық және басқа да әдістерді қолдана алады.

Сонымен қатар оқушыны оқу үлгеріміне қарамастан автоматты түрде келесі сыныпқа өткізе беру біліміндегі кемшіліктердің уақыт өте келе жинақталуына әкелуі мүмкін. Ал бір сыныпта қайта оқу баланың оқуына жауапкершілікпен қарауына ықпал етеді деп санайтындар да бар.

Бұған дейін мамандар жасөспірім ұлдардың оқу үлгеріміне әлеуметтік ортаның әсері бар екенін анықтаған. Неймеген университетінің зерттеушілері 14-16 жастағы 10 мыңнан астам оқушының деректерін зерттеген. Зерттеу нәтижесінде құрдастардың мінез-құлқы мен әлеуметтік ортасы оқушының сабаққа қатысуы мен оқу үлгеріміне ықпал етуі мүмкін екені айтылған.

Мамандардың мәліметінше, егер жасөспірімнің достары сабақтан жиі қалса немесе тәртіп бұзса, мұндай мінез-құлықтың басқа оқушыларға да әсер ету ықтималдығы бар. Сонымен бірге зерттеушілер ұлдар мен қыздардың мінез-құлқына қатысты қалыптасқан әлеуметтік стереотиптердің де оқу үлгеріміне әсер етуі мүмкін екенін атап өткен.

Ұқсас жаңалықтар

Марғұлан Баймұхан Таиландтағы Қазақстанның елшісі болып тағайындалды

Қазақстанда банк картасын басқа біреуге бергендер сотталады

Келіспеушілік ушықты ма? Ресей Әзірбайжанмен байланысқа қатысты үн қатты